«Ақсу» ойыншыларының қателіктері команданың жеңілісіне әкеп соқтырды
Павлодарлық футбол клубы сырт алаңда «Оқжетпеске» қарсы ойнады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасы бесінші турының матчы «Астана-Аренада» өтті. Қонақтар ойынды жақсы бастап еді: «Ақсу» ойын тізгінін қолға алып, жоғары прессинг жасауға тырысты.
Алайда «Оқжетпес» допқа көбірек иелік етіп, «Ақсудың» бұл әрекетіне сауатты тойтарыс көрсетті. «Ақсу» ойыншысы шабуылдардың бірінде допты жоғалтты: көкшетаулықтар допты бірден алдынғы шепте жүрген Самат Сәрсеновке жеткізді. Ол Срджан Димитровті дәл пасымен қақпашымен бетпе-бет шығарды. Серб шабуылшысы мүлт кетпеді – 0:1.
Бұдан соң павлодарлықтар жағдайды өзгертуге тырысты. Бірақ «Ақсу» шабуылдары қауіпті бола қоймады. Ең ұтымды сәтті Тони Сильва кәдеге асыра алмады.
Екінші таймда «Ақсудың» есепті теңестіремін деген талпынысы су сепкендей басылды. Оған павлодарлықтардың өздері себепкер болды. Әуелі Елдос Ахметов пен Александр Гутор жоқ жерден «Оқжетпес» ойыншыларына беріп қойып, Срджан Димитровтің екінші гол соғуына жол берсе, артынша Елдос Ахметов көкшетаулықтарға жеке дара «көмек қолын созды». Қақпашы алаңында тұрып, «Оқжетпес» ойыншысы Руслан Боловқа әдемі пас шығарған Елдос Ахметовтың қателігі Максим Драченконың голына әкеп соқтырды.
«Оқжетпес» тіпті төртінші гол соғып кете жаздады. Алайда Санат Жұмахановтың әдемі соққысына Александр Гутор жауап берді. Қорытынды есеп 3:0.
Келесі турда «Ақсу» өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарын» қабылдайды. Матч 16 сәуір жексенбі күні өтеді.
Фото: «Ақсу» ФК