«Ертістің» «беларусьтік дәуірі» он матчқа ғана созылды
Футбол клубы Кирилл Альшевскийге жұмысы үшін алғыс айтып, шығарып салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс» футбол клубы басшылығы бас бапкер Кирилл Альшевскиймен арадағы келісімнің тоқтатылғанын хабарлады. Клубтың Instagram желісіндегі ресми парақшасында тараптардың өзара келісімі негізінде ынтымақтастықтың аяқталғаны айтылды. Сонымен қатар, бапкердің штабы да командадан кетті.
Клуб басшылығы Кирилл Альшевский мен оның жаттықтырушылар құрамына атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, алдағы мансабына сәттілік тіледі.
«Павлодарлық «Ертіс» футбол клубы Кирилл Альшевскиймен арадағы еңбек шарты тараптардың өзара келісімі негізінде тоқтатылғанын ресми түрде хабарлайды. Маманмен бірге жұмыс істеген жаттықтырушылар құрамы да командадан кетті. Клуб басшылығы Кирилл Петрович қол астындағы жаттықтырушылар құрамына атқарған еңбектері үшін алғыс айтып, алдағы мансаптарына сәттілік тілейді», - деп жазады клуб баспасөз қызметі.
Айта кетейік, беларусьтік маман жетекшілік еткен кезеңде «Ертіс» он матчтың біреуінде ғана жеңіске жетті. Бұл нәтиже павлодарлық жанкүйерлер арасында көп сын мен түсінбеушілік туғызды.
Алдағы «Елімайға» қарсы матчта бас бапкер міндетін Валерий Белгібаев атқарады. Бұған дейін ол Кирилл Альшевскийдің көмекшісі болған.
Кейбір жанкүйерлер жергілікті жас маманға мүмкіндік беру қажет деп санайды. Бұл пікір қисынды көрінеді, себебі жазғы трансферлік терезенің ашылуына әлі уақыт бар, сондықтан құрамды түбегейлі өзгерту әзірге мүмкін емес. Қазіргі басты міндет — команданың тұрақтылығын сақтап, негізгі құрамды анықтау.
Басылым маусым басталар алдында аз танымал маманға команданы сеніп тапсыруға қатысты алаңдаушылық білдіргенін еске салды.
Сонымен қатар, «Ертістегі» беларусьтік кезең толық аяқталды деуге әлі ерте. Команда құрамында Кирилл Альшевский шақырған ойыншылар әлі де бар. Олардың бапкердің кетуін қалай қабылдайтыны әзірге белгісіз.
Соңғы сәтсіз матчтардың өзінде павлодарлық футбол мектебінің түлектері жанкешті ойынымен көзге түсті. Олардың қатарында Бақтияр Төлеуов, Даниил Нырков, Мирас Тұрлыбек және Тамерлан Ағыманов бар.
«Ертіс» келесі матчын «Елімайға» қарсы Астанада өткізеді. Кездесу 16 мамыр күні «Астана Аренада» өтеді. Ойын сағат 15:00-де басталады.