Павлодарлық балалар оқу жылын жасыл алаңда қорытындылады
Спорт сити манежінде ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері Заур Байрамқұловты еске алуға арналған турнир өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласында Заур Байрамқұловты еске алуға арналған балалар футбол турнирі ұйымдастырылды. Турнирге Заурдың туған-туыстары, достары, әріптестері, ұстаздары, бапкерлері және жас спортшылар қатысты.
Салтанатты ашылу рәсімі барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, Заур Байрамқұловтың өмір жолы мен адами қасиеттері туралы жылы естеліктер айтылды. Жиынға қатысушылар оның спортқа жақын, елжанды, адамгершілігі мол азамат болғанын ерекше атап өтті.

Турнирдің ашылуында Заурдың әкесі Назыр Байрамқұлов, туыстары, ұстаздары, таэквондо жаттықтырушылары мен қызметтес әріптестері сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар таэквондошылардың көрсетілім қойылымдары ұйымдастырылып, Заурдың достары арасында жолдастық кездесу өтті.
Турнирге 2016 жылы туған балалардан құралған алты команда қатысты. Топтық кезең мен жартылай финалдық ойындардың қорытындысы бойынша финалға «RB Arman» және Ақсу БЖСМ командалары жолдама алды. Олар жартылай финалда «Ертіс» футбол орталығы мен «Eagle Team» командаларын жеңді.

Финалдық кездесуде «RB Arman» командасы 4:1 есебімен жеңіске жетіп, Заур Байрамқұловты еске алуға арналған балалар турнирінің алғашқы жеңімпазы атанды.
Жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар, грамоталар және командалық ақшалай сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ үздік ойыншылар арнайы номинациялар бойынша марапатталды.
Заурдың жақындары турнирді ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға, қатысушыларға, жаттықтырушыларға және ата-аналарға алғыс білдірді. Олар бұл турнир алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізілетінін атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің басты мақсаты — балалар спортын дамыту ғана емес, ел жадында жарқын бейнесімен қалған азаматтың есімін дәріптеу және жас ұрпақты достыққа, бірлікке, құрметке тәрбиелеу.