Ақтоғай ауданында жаңартылған амбулатория ашылды
Биыл аудандағы үш ауылда дәрігерлік амбулаториялар күрделі жөндеуден өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жалаулы ауылында ғимаратты жөндеу мамыр айында басталған болатын. Ал бүгін Конституция күні жаңартылған ғимараттың салтанатты ашылуы өтті. Жоба құны 45,7 миллион теңгені құрады.
Мүткенов ауылының дәрігерлік амбулаториясында 48 миллион теңгеден астам сомаға күрделі жөндеу қыркүйек айында, Әуелбек ауылында жыл соңына дейін аяқталады.
– Кеше аймақ басшысы Асайын Байханов ауданымыздың үш дәрігерлік амбулаториясына жаңа жедел жәрдем көлігінің кілтін тапсырды. Бұл аудандағы медициналық көмекті едәуір күшейтеді, – деп Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов Instagram-аккаунтында қуанышты жаңалықпен бөлісті.
Келесі жылы Шұға ауылында жаңа медициналық пункт салу жоспарлануда.
Әкімдіктің мәліметінше, пациенттерге орталық аудандық ауруханада, төрт дәрігерлік амбулаторияда, 18 медициналық және бір фельдшерлік-акушерлік пунктте қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар, мекемелерде жабдықтар жаңартылуда. Тамыз айында коагулятор жеткізіледі және объективті аудиологиялық скрининг пен есту функциясын диагностикалаудың модульдік құрылғысын сатып алу жоспарланып отыр.