Павлодарда инсульт алған әйелдің жүрегінен миксома анықталды

Павлодарда инсульт алған әйелдің жүрегінен миксома анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кардиохирургтер күрделі ота жасап, науқастың митралды қақпақшасын қалпына келтірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының мәліметінше, Гүлжауар Камарова биыл шілде айында инсультпен №1 қалалық ауруханаға түскен. Стационарлық емнен кейін дәрігерлер оған кардиологтың кеңесінен өтуге ұсыныс берген.

Жүректі ультрадыбыстық зерттеу кезінде сол жақ жүрекшеден ірі түзіліс байқалды. Қосымша тексеру оның миксома екенін көрсетті. Сондай-ақ III дәрежелі митралды қақпақша жеткіліксіздігі анықталды.

– Емделіп шыққаннан кейін дәрігер кардиологтың кеңесі қажет екенін айтты. Кардиолог УДЗ-ге жіберді, сол кезде миксоманы анықтады. Маған өте шұғыл түрде ота жасалды. Қазір жағдайым әжептәуір жақсарды. Бұрынғыдай қан қысымым қайта-қайта көтеріле бермейді, – деді Гүлжауар Камарова.

Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының мамандары хирургиялық ем жүргізді. Кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Мұрат Райханов инсульттің себебін жүректегі түзіліспен байланыстырды.

– Науқастың инсульті миксоманың бір бөлігінің үзіліп кетуінен болған. Бұл қатерсіз түзіліс болғанымен, миға ауыр асқынулар туғызуы мүмкін. Сондықтан мұндай диагноз шұғыл немесе жедел ота жасауға көрсетілім болып саналады, – деді Мұрат Райханов.

Хирургтер түзілісті алып тастаумен қатар митралды қақпақша мен жүрекшелер арасындағы перде ақауына пластика жасады. Дәрігердің айтуынша, бұл болашақта инсульттің қайталану қаупінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Ота мен емдеу міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жүргізіліп, пациент үшін тегін болды.

Гүлжауар Камарова ауруханадан жақсы жағдайда амбулаториялық емге шығарылды. Кардиохирургтің болжамынша, ол бір айдан кейін жұмысына қайта кірісе алады.