Павлодарда ауыр науқастарға арналған хоспис жаңартылды
Тамыз айының ортасында №3 Павлодар қалалық ауруханасының жанында хоспис қайта іске қосылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашевтың мәлімдеуінше, ғимаратта жөндеу жұмыстары аяқталды. Енді ішкі тазалау жұмыстарын жүргізіп, бір жұмадан кейін науқастарды көшіру жоспарлануда.
Сәуір айының соңында хосписте декомпенсация сатысында 55 науқас болды. Жөндеу кезінде олар бұрынғы инфекциялық модульдік ауруханасының жеке блогына көшірілді.
– Орындар саны бойынша ешқандай өзгерістер жоқ, бірақ коммуникациялар толығымен ауыстырылды. Терезе, еден, құбырлар ауыстырылып, кейбір жерлерде бояу, сырлау жұмыстары жүргізілді, – деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, хосписте IV сатыдағы онкологиясы бар, соматикалық аурулары бар адамдарға – қант диабеті, бауыр циррозы, декомпенсация сатысындағы созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, терминалдық сатыдағы созылмалы бүйрек ауруы, ауыр дәрежедегі әртүрлі генездегі энцефалопатия, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, ми қан айналымының жіті бұзылуының, бас жарақаттары бар адамдарға паллиативтік көмек тегін көрсетіледі. Орташа алғанда, науқастар мекемеде он күннен бір айға дейін болады.