Павлодарда жедел жәрдем бір тәулікте бес жол-көлік оқиғасына шықты

Павлодарда жедел жәрдем бір тәулікте бес жол-көлік оқиғасына шықты
Фото: Константин Шелков

Апаттардың бірінде бала зардап шекті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Алғашқы шақырту 00:34-те «103» пультіне түсті. Қаладағы Толстой көшесінде екі автокөлік соқтығысып, 23 жастағы қыз жарақат алды. Мойын омыртқасы жарақатымен ол қалалық №1 ауруханасына жеткізілді.

Таңғы сағат тоғыз шамасында Павлодар мен Екібастұз арасындағы тас жолда жеңіл автокөлік жол жиегіне шығып кеткен. Оқиға орнына медициналық бригаданың жету уақыты тоғыз минутты құрады. 2002 жылы туған жас жігіт миының шайқалуын және бет аймағында көптеген сызаттар алғанымен, ауруханаға жатудан бас тартты.

Сағат 16:31-де жедел жәрдемге облыс орталығындағы Ломов көшесінде болған жол апаты туралы хабарлама түсті. Жаяу жүргіншіні қағып кету салдарынан 48 жастағы әйел түрлі жарақаттар алып, қалалық №1 ауруханасына жеткізілді.

Шамамен бір сағаттан кейін Қамзин мен Толстой көшелерінің қиылысында екі жеңіл автокөлік соқтығысты. Апат салдарынан үш адам зардап шекті: 43 жастағы әйел, 22 жастағы жігіт және 17 жастағы жасөспірім. Алғашқы екеуі қалалық №1 ауруханаға, ал жасөспірім облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Облыстық «103» жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенконың айтуынша, жол-көлік оқиғалары жедел жәрдем қызметі үшін әрдайым басымдыққа ие.

– Мұндай шақыртуларға жету уақыты барынша жедел болады. Дегенмен ең дұрысы – апаттардың алдын алу. Ол үшін жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңызын үнемі еске салу қажет. Жоғары жылдамдық, маневр жасау ережелерін бұзу және зейіннің жеткіліксіздігі негізгі қауіп факторлары болып қала береді. Әрбір жол қозғалысына қатысушының жауапкершілігі – қайғылы статистиканы азайтудың жалғыз жолы, – деді ол.

Тағы бір жол-көлік оқиғасы шамамен сағат 22:00-де Ак. Шөкин мен Абай көшелерінің қиылысында тіркелді. Жарақтар мен сынықтар алған 21 жастағы жас жігіт қалалық №1 ауруханасына жеткізілді.