Кенжекөлде ауыл күні көкпармен басталып, концертпен жалғасты

Кенжекөлде ауыл күні көкпармен басталып, концертпен жалғасты
ЖИ иллюстрациясы

Екі күнге созылған айтуылы күнде қазақ эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетті, @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Өткен демалыс күндері кенжекөлдіктер ерекше есте қаларлық сәттердің куәсі болды. Екі күн қатарынан ұлттық дәстүрді жаңғыртып, спортшылар мен қолөнер шеберлерінің туындыларын көпшілікке паш еткен мереке ұйымдастырылды.

Ауыл күні 8 тамызда өз бастауын алды. Онда ауылға Ақкөл, Баянауыл, Ақтоғай және Аққулы аудандарынан көкпаршылар жиналды. Олар 750 мың теңге көлеміндегі жүлде қорын сарапқа салды. Турнирдің финалы 9 тамызда өтті.

Жарыстың алғашқы күнінде кенжекөлдік көкпаршылар Аққулы және Ақтоғай аудандарының командаларымен кездесті. Ал үшінші орын үшін Баянауыл және Ақтоғай аудандарының спортшылары бақ сынаса, шешуші кездесуде Ақкөл мен Кенжекөл командалары күштіні анықтады.

– Көкпар турнирі – ауыл күнінің дәстүрлі бөлігі. Бұл – Кенжекөлде кеңінен танымал спорт түрі. Соңғы уақытта оны дамытуға белсенді көңіл бөліп келеміз. Ойын деңгейі бойынша облыста шамамен үздік үш-төрт команданың қатарына кіреміз, – деді «Арлан» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жетекшісі Нұрсұлтан Тасжанов.

Кенжекөл командасының капитаны Мұстафа Дубай бала кезінен атқа мініп, ұлттық ойынмен айналысып келеді. Көкпарға деген қызығушылығын оған әкесі үйреткен.

– Әкем маған бәрін үйретті. Біздің отбасымызда көкпар – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мұра. Бұған дейін түрлі жарыстарға қатыстым. Соның ішінде Талдықорғанда өткен Қазақстан чемпионатында Павлодар облысының намысын қорғадым. Бұл турнир мен үшін үлкен тәжірибе болды, – деді Мұстафа.

Спортшының айтуынша, жарысқа дайындық көп уақытты талап етеді. Команда мүшелерімен қатар, аттармен де жеке жұмыс жүргізіледі. Құрама жаттығуларын туған ауылында, соның ішінде «Арлан» кешені базасында өткізеді.

Ауыл күні аясында өткен көкпардың бас жүлдесі – 300 мың теңгені Ақкөл командасы иеленді. Кенжекөл құрамасы екінші орын алып, 250 мың теңге көлеміндегі жүлдеге ие болды. Ал Баянауыл ауданының командасы үшінші орынға тұрақтап, 200 мың теңге алды.

Мереке ауылдың орталық алаңында жалғасты. Түстен кейін мұнда қолданбалы өнер шеберлерінің бұйымдары қойылған көрме ұйымдастырылды. Қонақтар асық атудан, армрестлингтен, арқан тартудан және кір тасын көтеруден жарысты.

Кештің көркін орталық алаңда ұйымдастырылған үлкен концерт кіргізді. Бағдарламаны Кенжекөл ауылы мен Павлодар қаласының шығармашылық ұжымдары – «Сарыарқа» триосы, «Бәке мен Сәке» дуэті және Ерболат Байдауров ашты. Кейін сахнаға кештің хедлайнерлері – «Нұрлан мен Мұрат» дуэті, Өктем Алтаев, Дос және «DiEra» триосы өнер көрсетті.

– Мерекеде ауыл тұрғындарын марапаттауға ерекше көңіл бөлінді. Ауыл күнін өткізуге демеушілік жасаған жергілікті кәсіпкерлерге, сондай-ақ ең үлкен Қыдыр ата мен кимешек жасап, рекорд орнатқан шеберлерге Алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды, – деді Кенжекөл мәдениет үйінің директоры Сандуғаш Асаубаева.

Қолөнер шеберлері қонақтарға арнайы бағдарлама дайындады. Оның аясында театрландырылған қойылым мен ұлттық киімдер дефилесі өтті.

Сонымен қатар, күні бойы орталық алаңда сауда орындары жұмыс істеп, балалар үшін ойын-сауық пен шығармашылық белсенділіктерге арналған арнайы аймақ құрылды.