Ақтоғайда белгілі павлодарлық жазушының жүз жылдық мерейтойы өтті
Іс-шарада «Атырау» кітабының тұсауы кесілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жазушы, журналист Қимадиден Нығманов 1924 жылы дүниеге келген. Оның жүз жылдығына орай Ақтоғайда мерекелік шара өтті. Журналистің жеке заттарының көрмесі ашылып, концерт және спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Қонақтардың арасында Қимадиден Нығмановтың туған-туыстарымен қатар облыстың құрметті азаматтары да болған.
Мерекенің шымылдығы ақынның «Атырау» кітабының тұсаукесерінен ашылды. Бұл шығарманы Қимадиден Нығманов өмірінің соңғы жылдарында жазған. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, екібастұздық Сайлау Бейбосынның айтуынша, кітапты тарихи-этнографиялық жанрға жатқызуға болады.
– Осы кітапты оқып отырсаңыз жазушының шеберлігіне таң қаласыз. Кешегі ауыл өмірі, қазақтың салт-дәстүрлері – осының барлығы бүгінгі күні ұмытылып кеткен көріністері баяндалған. Бұл кітаптың тарихи оқиғаларға толы болғандықтан маңызы зор деп ойлаймын, – деді жазушы.
Оның айтуынша, «Атырау» кітабы – жастарға да, үлкендерге де білім беретін энциклопедия.
– Кітап оқымайтын заманға келдік. Сондықтан жерлестеріміздің тамаша шығармаларын насихаттау өте маңызды, – деді Сайлау Бейбосын.
Жаңа кітаптың қызыл лентасын Қимадиден Нығмановтың ұлы Қазбекке, жазушы Сайлау Бейбосынға және аудан әкімі кесті. Облыс басшылығы атынан құттықтау хатты Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов оқып берді.
– Қимаш ағамыздың әдебиеттің әр жанрында, өнердің әр саласында қалдырған мұралары, ашылмаған қырлары осының анық дәлелі. Біз тарихтың ащы шындығын суреттеген туындылары, жаңа өмірдің жаңалықтарын жырлаған осы өлкеден шыққан атақты тұлғалар жайлы қалдырған еңбектері арқылы ақынды қазақ әдебиетінің тарланы деп білеміз. Қимадиден атамызды ұмытпай, ұлықтау біздердің ұрпақтық парызымыз, – деді аудан әкімі.
Қазбек Нығманов әкесінің адамдық жағымды қасиеттерін, адалдығын, мейірімділігін жылулықпен еске алады. Ақын балалары ауырған кездері қасынан кетпей, түнде ұйықтамаған. Ол балаларынан айырылып қалуға қатты қорыққан.
– Әкемнің өмірден кеткеніне 40 жылдан астам уақыт өтсе де, көзі тірісінде жинаған өлкеміздің тарихына қатысты жазған хаттары мен жазбаларын әлі күнге дейін тауып, жариялап келеміз, – дейді баласы Қазбек Нығманов.
Қимадиден Нығмановты еске алу мақсатында туған-туыстары Жаңабет ауылындағы орта мектепте мұражайға жөндеу жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, өңірге танымал тұлғалардың ішінде Жаңабет ауылының саңлақ ақыны Қимадиден Нығмановтың орны ерекше. Оған бұл есімді сол кезде бүкіл Алакөл болысына әйгілі болған Құдайберген ақын қойғаны белгілі. «Алпыс батыр», «Естай-Қорлан», «Баянауыл жырлары» және тағы басқа атақты шығармалардың авторы.
Қимадиден Нығманов «Тыңдағы ту» атты алғашқы поэмасын 14 жасында жазып, 16 жасында айтысқа қатыса бастады.
Екінші дүниежүзілік соғыста Сталинград түбінде соғысып, тылда жараланып, емханаға түсті. Ақын 1980 жылы қайтыс болды.
Фото: Асия Серикова