Президент павлодарлық актрисаға «Қазақстанның халық әртісі» атағын берді
Өңір өкілдері Мемлекет басшысы мен салалық министрдің қолынан жоғары мемлекеттік және ведомстволық марапаттар алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 19 мамырдағы Жарлығымен отандық театр өнерін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін А.П. Чехов атындағы Павлодар облыстық драма театрының екі актрисасына жоғары атақтар берілді.
Ақорда резиденциясында өткен салтанатты шарада Мемлекет басшысы павлодарлық сахнада жарты ғасырдан астам уақыт бойы еңбек етіп келе жатқан актриса Нина Матвеевна Макароваға (Запруднева) «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағын жеке өзі табыстады.

Сонымен қатар, «Астана Балет» театрының сахнасында өткен салтанатты рәсімде Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева павлодарлық драма театрының тағы бір танымал актрисасы Ольга Викторовна Светенковаға классикалық және заманауи қойылымдардағы жарқын образдары үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын табыс етті.
Өңір мәдениетінің дамуына еңбек сіңірген ардагерлердің де еңбегі ведомстволық деңгейде жоғары бағаланды. Көпжылдық және жемісті жұмысы үшін Қазақстан Республикасының «Еңбек ардагері» төсбелгісімен С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Шолпан Баянқызы Шахметова және Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қор сақтаушысы Әлия Жикенқызы Саматова марапатталды.