Павлодарда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды
Торайғыров университетінде 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Тарихқа тағзым» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Шараға облыстағы жоғары оқу орындарының ректорлары, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиясы мен жұмыс топтарының мүшелері, ғалымдар-тарихшылар, саясаттанушылар және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен қазақстандықтардың жақындары мен туыстары жиналды.
Дөңгелек үстел барысында қазақ халқының тарихындағы қасіретті кезең, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиясы жұмыс топтарының жұмысы тыңдалды.
– Сұрқия саясаттың құрбандары болған Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин жайлы мәліметтер халыққа өте аз естіледі. Мәселен, Ілияс Жансүгіровтің қуғынға ұшырауына «Бозінген», «Күй», «Күйші» поэмалары ықтимал еткен. Ал Сәкен Сейфуллиннің қудалауына «Көкшетау» поемасы себепкер болған. Үшінші қайраткер – Бейімбет Майлин. Халық оның не себепті қуғынға түскенін әлі ұғынған жоқ. Шығармаларында молдаларды сынаған. Комсомолдың жұртқа күн көрсетпейтіні, молдалардың жаназа шығара алмайтындығы жайлы айтқан, – дейді ғалым, ардагер ұстаз Еңлік Жұматаева.
Ұстаз сол заманда шындық пен ақиқатты айтқаны үшін жазаланып, өмірден озған, халық үшін жанын пида еткен қайраткерлердің еңбегі тарих беттерінен ешқашан ұмыт болмайтынын атап өтті.
Сонымен қатар, университет дәлізінде Павлодар облысы мемлекеттік архиві мен Семей қаласы қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының құжаттары негізінде дайындалған «Ұлтын оятқан ұлы тұлғалар» фотоқұжаттар көрмесі ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Павлодар облысының саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиясы 2021 жылдан бастап үлкен ғылыми-зерттеу жұмыстар жүргізуде. 2022 жылы атқарған қызметінің негізгі нәтижесі ретінде саяси қуғын-сүргін тарихына арналған материалдар мен құжаттардың 31 томдық жинағына «Политические репрессии в Павлодарском регионе: трагедия народа» атты материалдар мен мұрағаттық деректер жинағы (17 том) енгізілді және басып шығарылды.