Баянауыл ауданында бокстан республикалық жарыста кіл мықтылар жиналды

Барлығы 158 жас боксшы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл ауданында әкімнің жүлдесіне арналған республикалық бокс турнирі аяқталды. Дәстүрлі жарысқа Моңғолия мемлекеті, Алматы, Астана, Шымкент қалалары, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу, Маңғыстау, Қарағанды облыстары, сондай-ақ Павлодар қаласы, Екібастұз, Ақсу, Майқайың кенті, Береке ауылы және Баянауыл ауданынан барлығы 158 жас боксшы қатысты.
Турнирдің ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Альмира Дисюпова, облыстық мәслихат депутаты Арман Рахман, сондай-ақ спорт бөлімінің өкілдері қатысты. Салтанатты шарада қатысушыларға сәттілік тілеп, бұл турнирдің маңыздылығын атап өтті.
Бес күнге созылған турнирде 11 жасөспірім Баянауыл атынан сынға түсті. Олардың ішінде үшеуі жартылай финалға дейін жетіп, бір спортшы финалда жеңіске жетті.
– Жалпы бәсеке тартысты өтті: 15 салмақ дәрежесінде 35 келіден бастап және одан жоғары спортшылар күш сынасты. Жарыс ережелері қатаң сақталды, құжаттар мұқият тексеріліп, әділ төрелік қамтамасыз етілді. Турнирге Азия чемпиондары мен халықаралық додалардың жүлдегерлері де қатысып, бәсекенің деңгейін арттыра түсті, – деді бокстан аға жаттықтырушы Наби Абай.
Баянауыл боксшыларының жетістігі: үш алтын, екі қола медаль иеленді: бірінші орын иегерлері 37 келі салмағында шыққан Берік Айхан, 40 келі салмағында өнер көрсеткен Кожахмет Рунар және 52 келі дәрежесінде Акишев Нұрислам атанды, үшінші орынды 35 келі салмағындағы Сағидоллаев Ернұр, ал 67 келі салмақтағы Меңдешев Алихан алды.
Сонымен қатар, «Үздік боксшы» атағына Берік Айхан ие болды.
Жас спортшыларды жеңіске дайындаған жаттықтырушылар: Виталий Дюбченко, Айбат Шукелов, Максут Махмуткерей, Азамат Смагулов болды.
Турнир тартысты әрі жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар жас спортшыларға тәжірибе жинап, үлкен додаларға жолдама алуға мүмкіндік береді. Жергілікті боксшылардың жеңісі Баянауылдағы спорттың дамуына тың серпін берді.