Павлодар облысының азаматтарын сумен қамтамасыз ететін мамандардың еңбегі еленді

Павлодар облысының азаматтарын сумен қамтамасыз ететін мамандардың еңбегі еленді
Фото: Валерий Бугаев

Облыс әкімі Асайын Байханов су шаруашылығы саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы су шаруашылығы қызметкерлеріне мамандыққа деген адалдықтары үшін алғысын білдірді. Ол сала мамандарының стратегиялық маңызды нысандардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, өңірдің тұрақты дамуына үлес қосып жатқанын атап өтті.

– Сіздердің жұмыстарыңыз кейде байқалмай жатады, алайда сіздер елді мекендерді, ауыл шаруашылығын және өнеркәсіптік нысандарды күн сайын сумен қамтамасыз етесіздер. Еңбектеріңіздің арқасында экономикалық, экологиялық және азық-түлік тұрақтылығы сақталады, – деді Асайын Байханов.

Өңірдің су әлеуеті зор. Облыс арқылы Орталық Азиядағы ең ірі трансшекаралық су артерияларының бірі — Ертіс өзені өтеді. 272 шақырым Қ. Сәтбаев атындағы канал салынған, ал өңірге түсетін судың жылдық көлемі 7 миллиард текше метрге жетеді.

Өңірде 3,5 мың шақырымнан астам су құбыры желілері, жүзден астам сорғы станциялары және ондаған гидротехникалық құрылыстар жұмыс істейді. Осының арқасында облыс тұрғындарының 90%-дан астамы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген, ал суармалы жерлер тұрақты өнім беріп отыр. Бұл салада мыңнан астам маман жұмыс істейді және бүгін өз саласының үздіктері марапатталды.

Асайын Байханов ел Президентінің атынан мемлекеттік наградалар мен алғыс хаттар табыс етті. Су шаруашылығы саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Құрмет» орденімен сала ардагері, ҚР су шаруашылығы және ирригация министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі Қазымбек Баймағамбетов марапатталды.

Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен «ҚазСуШар» ЖШС Павлодар филиалының өндірістік бөлімінің басшысы Серік Мұстафин марапатталды.

Облыс әкімінің алғыс хаттары сумен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін жұмысшы мамандықтардың өкілдеріне табысталды. Марапатқа ие болғандардың қатарында: Тереңкөл ауданындағы су тазарту станциясының операторы Жұмағұл Айғожин, «Бастау» кәсіпорнының су тазарту құрылыстарының газ-электр дәнекерлеушісі  Александр Гераськин, «Қазсушар» ЖШС Беловод топтық су құбыры учаскесінің басшысы Әсет Жапаров, «Ақтоғай-су» кәсіпорнының су құбыры операторы Құдайберген Ыдырысов, «Қазсушар» Павлодар филиалының экскаватор машинисі Мадияр Құсайынов, «Ертіс» кәсіпорны басшысының орынбасары Мирхат Темірғалиев, «Ақтоғай-су» кәсіпорнының маманы Нұрболат Тоқжігітов бар.