Павлодарда мектеп оқушылары тәртіп сақшыларымен кездесті

Кездесуде интернет-алаяқтық, есірткі заттары және олардың таралу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатында жастардың құқықтық қауіпсіздігіне арналған профилактикалық семинар өтті.
– Іс-шараға департамент қызметкерлері мен ардагерлері қатысып, оқушыларға есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысудың ықтимал құқықтық салдары туралы түсіндірді. Сондай-ақ, олар интернет-алаяқтықтың алдын алу және осындай қылмыстардың құрбаны болмау жолдарын айтып берді, – деп мәлімдеді облыстық ПД.
Тәртіп сақшылары заңға бағынудың маңыздылығын атап өтті. Олар оқушыларға тыйым салынған заттарды тарату мен қолданудың қандай қауіп төндіретінін түсіндіріп, кәмелетке толмағандар заңсыз әрекеттерге тартылған жағдайда қандай жауапкершілікке ұшырайтынын егжей-тегжейлі баяндады.
Сонымен қатар, интернет-алаяқтықтың заманауи схемаларына ерекше назар аударылды. Полицейлер қаскөйлердің жасөспірімдерді сенімге кіріп, заңнамалық нормаларды білмеуін пайдалана отырып қалай алдайтынын түсіндірді.
– Кездесу барысында полицейлер оқушылардың барлық сұрақтарына жауап беріп, нақты тәжірибеден мысалдар келтірді. Сондай-ақ, өздерін заңсыз әрекеттерден қалай қорғауға болатыны жөнінде кеңестер берді, – деп атап өтті ведомство өкілдері.
Олардың айтуынша, жас ұрпақпен профилактикалық жұмыс – құқық қорғау органдарының басым міндеттерінің бірі. Бұл жастарға дұрыс таңдау жасауға, қауіпті жағдайлардан аулақ болуға көмектесетін білім мен ақпарат алуға мүмкіндік береді.