Ақсуда жұмысшы жастармен ашық кездесу өтті
Кездесуге Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласында ЕЭК компаниясына қарасты зауыттардағы жұмысшылар мен жастар арасында адам капиталының дамуы және әлеуметтік міндеттемелер тақырыбындағы іс-шара ашық форматта өтті. Қатысушылар өңір үшін маңызды мәселелерді еркін талқылауға мүмкіндік алды.
Аймақ басшысы мемлекеттің дамуы тікелей қоғамның дамуына байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ, азаматтардың белсенділігі мен жастардың игі бастамаларға қатысуының маңыздылығын ерекше атай отырып, алдағы республикалық референдумға қатысуға назар аударды.
– Мемлекеттің дамуы қоғамның дамуымен үйлеспесе болмайды. Сіздер өз мүмкіндіктеріңізді пайдаланып, кез келген процестерге белсенді қатысуларыңыз керек. Қатысу – әрбір азаматтың бекітілген құқығы болса, оны ұтымды пайдалана білу қажет. Пассивтілік елдің дамуына қызығушылықтың жоқ екенін көрсетеді, – деді Асайын Байханов.
Кездесуде ЕЭК қызметкерлері де өз тәжірибелерімен бөлісті. Электр станциясының слесарі Ерасыл Төлеуханов 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтып, компаниядағы мәдени және спорттық шараларға қатысып, экологиялық бастамаларды қолдайтынын жеткізді. Ол жаңа Конституциядағы ең басты нәрсе – еңбек мамандықтарын құрметтеу, өйткені олар мемлекеттің дамуына тікелей үлес қосады деп есептейді.
– Біз компанияда жұмыс істегенімізге мақтанамыз. Жастарға қолдау жасалып жатыр. Жаңа Конституцияда еңбек мамандықтары, тіл мен дәстүрді сыйлау сияқты мәселелер маңызды. Біз мемлекеттік дамуға бағытталған өзгерістерді қолдауға дайынбыз, – деді Ерасыл Төлеуханов.
ТОО «ERG Service» компаниясының өкілі Рүстембек Әбуев өндіріс пен экологияның тікелей байланысын атап өтіп, өндірісті жаңарту мен заманауи жабдықты енгізу экологияға тікелей әсер ететінін алға тартты. Бұл елдің дамуына септігін тигізеді.
Кездесу барысында өңірдің өндірістік әлеуеті мен экологиялық мәселелер кеңінен қаралды. Облыс әкімінің мәліметінше, Павлодар облысы Қазақстан экономикасының стратегиялық салалары бойынша жетекші орынға ие. Республикадағы көмірдің 60 пайызы, электр энергиясының 42 пайызы, ферросплавтардың 58 пайызы, алюминийдің 100 пайызы біздің өңірге тиесілі. Ауыл шаруашылығында да облыс алдыңғы қатарда. Мәселен, қарақұмық өндірісінің 65 пайызы, сәбіздің 35 пайызы, картоптың 30 пайызы Павлодар өңірінен шығады. Ол экология мен экономиканы үйлестіре отырып, адамдардың өндірістегі белсенді қатысуы маңызды екенін атап өтті.
– Жаңа Конституциядағы өзгерістер біз үшін өте маңызды. Жастар қолдауды сезінуі керек, дауыстарымыз естілетініне сенуіміз қажет. Біз міндетті түрде референдумға қатысамыз», – деді әлеуметтік жобалар бойынша ЕЭК сарапшысы, «Жастар лигасының» төрайымы Дана Касьянова.
Кездесудің соңында Асайын Байханов жаңа Конституция жобасының маңыздылығын айтып, бюрократияны қысқарту, шешім қабылдау жылдамдығын арттыру және экономиканы цифрландыру арқылы Қазақстанның жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету қажет екенін және Қазақстан уақытпен бірге ілгерілеуі керек екенін жеткізді.