Баянауыл ауданының мұғалімі «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанды

Баянауыл ауданының мұғалімі «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы»  атанды
Фото: ҚР Президентінің баспасөз қызметі

Марапат республикалық педагогтер съезінде табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын берді. Олардың ішінде Баянауыл ауданы академик Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешенінің мұғалімі Сәбит Ибадуллин бар. 

– Бүгін шын мәнінде өте маңызды жиын. Себебі ұстаз – ең алдымен, қадірлі маман. Ал, ұстаз болу – қастерлі міндет.  Бүгінде еліміздің болашағы жарқын болып, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүр. Жалпы, жақсы адам, мықты маман болу ұстазға байланысты. «Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы екі есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтер съезінің ашылуында. 

Сәбит Ибадуллин 1967 жылы 19 қарашада Баянауыл ауданының Теңдік ауылында дүниеге келген. 1992 жылы Е.А.Букетов атындағы Қарағанды  мемлекеттік  университетін бітірген. Еңбек жолын 1992 жылы туған ауылында бастап, осы күнге дейін сол жерде математика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Өз сабағында заманауи технологияларды, жаңа ғылыми жетістіктерді, авторлық бағдарламаларды тиімді қолданады.

2013 жылы аудандық «Жыл мұғалімі» конкурсында «Әдіскер ұстаз» номинациясының иегері атанған. 2014 жылы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен, 2021 жылы I  республикалық «Кемеңгер ұстаз»  олипиадасында ІІІ дәрежелі дипломмен, 2018 жылы Павлодар облысы білім беру басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталған. 2023 жылы «Үздіксіз өзгеріске бейімделген оқу мен тәрбие үдірісі» облыстық семинарында 9-сыныпта алгебра пәнінен ашық сабақ форматында тәжірибесімен бөліскені үшін «Өрлеу» біліктілік арттыру ұлттық орталығынан куәлікке ие болды. Оқушылары облыстық, республикалық байқаулар мен олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері.