Павлодарда лудомания: Смартфондағы бәс қандай қауіп тудырады?

Павлодарда лудомания: Смартфондағы бәс қандай қауіп тудырады?
Фото: автор

Мамандар тәуелділіктің алдын алу жолдарын ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сұлтанмахмұт Торайғыров университетінде студенттер мен сала мамандарының қатысуымен «Өңір жастары арасындағы лудомания» атты стратегиялық сессия ұйымдастырылды.

Кездесу облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында өтті. Оған мемлекеттік органдардың өкілдері, психологтар, денсаулық сақтау саласының мамандары, жастар ұйымдары, волонтерлер мен студенттер жиналды.

Талқылау барысында ойынға тәуелділіктің пайда болу себептері, оған әсер ететін қауіп факторлары және оның алдын алу тәсілдері қарастырылды. Қатысушылар мәселені «себептер – тәуекелдер – ресурстар – шешім» қағидаты бойынша саралады.

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының жастар және отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанова жастар арасында лудоманияның алдын алудың құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы маңызын түсіндірді.

– Ойынқұмарлық жастардың болашағына, отбасылық институттың дамуына кері әсер ететін әдеттердің бірі. Сондықтан онымен күресу – бүгінгі маңызды бағыттардың бірі. Бұл кездесуде жастарға мәселені түсіндіріп қана қоймай, нақты шешімдерді бірге іздеуге мүмкіндік беріп отырмыз, – деді ол.

Жастар және отбасы бөлім басшысының сөзіне қарағанда, жиынға жастармен тікелей жұмыс істейтін психологтар мен экономикалық тергеу департаментінің мамандары шақырылған. Сонымен қатар, қатысушылар «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған пікірталастарға қатысты.

Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Айжан Хасенова интернеттегі заңсыз ойындарға тоқталды. Оның пікірінше, қазіргі технологиялар бәс тігуге бұрынғыдан да оңай мүмкіндік беріп отыр.

– Бәрі қарапайым ойыннан басталады. Кейін ол патологиялық тәуелділікке – лудоманияға айналуы мүмкін. Оның салдарынан адам ақша жоғалтып, несие алып, қарызға батуы ықтимал. Кей жағдайда бұл құқық бұзушылықтарға дейін апарады, – деді Айжан Хасенова.

Маманның сөзінше, заңсыз ойын бизнесіне қатысты контентті анықтау және бұғаттау жұмыстары жүргізіледі. Алайда жаңа платформалар пайда болып отырғандықтан, алдын алуда әр адамның жауапкершілігі де маңызды.

– Азарттық ойындар арқылы әлі ешкім байыған жоқ. Сондықтан жастарға спортпен айналысуға, волонтерлікке немесе пайдалы хоббиге көбірек көңіл бөлген дұрыс, – деді жедел уәкіл.

Республикалық ғылыми-практикалық психикалық денсаулық орталығының психологы Әсемгүл Садуақасова лудоманияның көп жағдайда бірден байқалмайтынын жеткізді. Оның сөзінше, құмар ойынға тәуелді болған адам мамандардан көмек сұрауға кеш келеді.

– Көп адам нақты шығынға немесе ауыр салдарға тап болғанға дейін өзінің тәуелді екенін түсінбейді. Кей отбасылар да бәс тігуге бейімділікті бастапқыда қауіпті деп қабылдамайды, – деді психолог.

Маман қазіргі кезде ойынға әуестік қаупін арттыратын факторлардың бірі оның смартфон арқылы қолжетімді болуы екенін айтты.

– Бұрын адамға казиноға немесе ойын клубына бару керек еді. Қазір телефон арқылы кез келген жерде бәс тігуге болады. Тәуелділікпен жұмыс істегенде алдымен оның себебін анықтап, адамның ойлау жүйесімен жұмыс істейміз. Бұл жеке кеңес беру және топтық жұмыс арқылы жүргізіледі, – деді Әсемгүл Садуақасова.

Стратегиялық сессия кезінде жастарға арналған интерактивті тапсырмалар да ұсынылды. Қатысушылар тоғыз топқа бөлініп, отбасындағы тәуелділік, қаржылық сауаттылық және оның алдын алу тақырыптарындағы кейстерді талдады.

«Адал азамат, адал еңбек» идеологемасы мен «Заң мен тәртіп» қағидасының амбассадоры Жамиля Бұламбаева интернеттегі оңай ақша туралы жарнамаларға сақтықпен қарау қажеттігін айтты.

– Біз күн сайын ғаламтордан оңай ақша табуға, қымбат көлік алуға шақыратын жарнамаларды көреміз. Бірақ оның ар жағында тәуелділік пен үлкен қаржылық қиындық тұруы мүмкін, – деді амбассадор.

Ал өңірлік еріктілер фронт-офисінің жетекшісі Тамирис Бесеенова жастармен осындай ашық диалогтарды жалғастырудың қажеттілігіне тоқталды.

– Жастар уақытын пайдалы өткізуі керек. Мұндай кездесулерде айтылған ақпарат қазір бірден әсер етпеуі мүмкін. Бірақ кейін қиын жағдайға тап болған кезде бүгін естігені есіне түсуі ықтимал, – деді ол.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, стратегиялық сессияның мақсаты лудоманияның салдарын түсіндірумен шектелмей, оған әкелетін себептерді ерте байқап, алдын алуға қажетті дағдыларды қалыптастыру болды.