Павлодардағы колледждердің бірінде қос диплом алуға мүмкіндік бар
Талапкер жастарға педагог мамандығы кеңінен таныстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Б.Ахметов атындағы педагогикалық жоғары колледжінде білім беру бағыттына қызығушылық танытқан оқушылар мен ата-аналарға арналған «Ашық есік күні» шарасы өткізілді.
Кездесудің басты мақсаты - талапкерлермен ашық байланыс орнатып, оқу бағдарламалары, қабылдау шарттары және оқытушылар құрамы туралы нақты ақпарат беру. Іс-шара барысында келушілер оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысып, студенттермен пікірлесіп, болашақ мамандықтарын таңдауға мүмкіндік алды.
Колледж директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Әсемгүл Әбішеваның айтуынша, оқу орнына жыл сайын 100-ден астам студент қабылданады.
- Бүгінгі «Ашық есік күні» акциясы арқылы оқушылар біздің колледжбен танысып, материалдық-техникалық базаны көріп, студенттермен араласады және ата-аналарымен бірге болашақ мамандықтарын таңдауға мүмкіндік алады,- деді ол.
Қазіргі таңда колледжде сегіз бағыт бойынша білім беріледі. Олардың қатарында мектепке дейінгі тәрбие, бастауыш сыныпта оқыту, қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі, орыс тілі мен әдебиеті, информатика пәні мұғалімі және өзге де педагогикалық мамандықтар бар.
2026-2027 оқу жылына осы мамандықтар бойынша қабылдау жүргізіледі. Әр бағытқа грант бөлінген. Мәселен, «Мектепке дейінгі тәрбиеші» мамандығына жыл сайын 50 студент қабылданады. Әрі оларға арнап дәл сол көлемде грант беру қарастырылған.
- Соңғы жылдары оқу бағдарламаларына бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұрын оқу мерзімі 3 жыл 10 ай болса, 2025-2026 оқу жылынан бастап 2 жыл 10 айға қысқарған. Сонымен қатар колледж педагог-ассистент және бакалавр-логопед бағыттары бойынша жаңа лицензия алды. «Бакалавр-логопед» бағдарламасы бір жылға есептелген. Бұл мүмкіндік студенттерге екі диплом алуға жол ашады, - дейді Әсемгүл Әбішева.
Талапкерлер арасында сұранысқа ие мамандықтар - бастауыш сынып, қазақ тілі мен әдебиеті және шет тілі пәндері. Шет тілі мұғалімі мамандығына тек үздік аттестаты бар талапкерлер қабылданады. Қабылдау емтихансыз, аттестат көрсеткіші мен сұхбат нәтижесі негізінде жүргізіледі.
2025 жылы колледжді 322 студент тәмамдаған. Олардың 266-сы педагогика саласында еңбек етіп жүр, ал қалған түлектер жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруда.