Биыл Павлодар облысында 500-ден астам адам жүргізуші куәлігінен айырылды
Бұзушылықтардың негізгі бөлігі – белгіленген жылдамдықты асыру, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кезекті мониторинг барысында жол апатына әкелуі мүмкін жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтар анықталды. Лермонтов көшесі бойында жүргізуші БМВ маркалы автокөлікті рұқсат етілген 60 км/сағ жылдамдықтың орнына 109 км/сағ жылдамдықпен басқарған. Осылайша Қазақстан Республикасы Жол қозғалысы ережесінің 2-тармағын бұзған. Жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабы 2-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды.
– Тағы бір жағдайда Mercedes-Benz маркалы автокөлікті басқарған жүргізуші Абай – Академик Шөкин көшелерінің қиылысында бағдаршамның тыйым салынған қызыл белгісіне өтіп, жол қозғалысы ережелерінің 5.2.5 тармағын бұзған. Аталған факті бойынша жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 599-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды, – дейді департаментте.
Айта кетерлігі, жыл басынан бері Павлодар облысында тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережесін бұзудың 70 мыңнан астам фактісінің жолын кесті. Бұзушылықтардың негізгі бөлігі жүргізушілердің белгіленген қозғалыс жылдамдығынан асыру фактілері болып табылады. Олардың саны – шамамен 27 мыңнан астам. Әрқайсысы ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабына сәйкес жазаланды. Көлік құралдарын басқару кезінде қауіпсіздік белдіктерін тақпаған 5437 жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабына сәйкес 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. 520 адам жүргізуші куәлігінен айырылған.