Екібастұзда екі жеке үйдің аумағында шыққан өрт сөндірілді
Оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 101 пультіне жеке тұрғын үйлердің аумағында өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жедел жіберілді.
Құтқарушылар келген кезде тұрғын үйлердің шатырлары, шаруашылық құрылыстары мен қоршаулар жалынға оранған. Өртті сөндіру жұмыстарына үйлердің бір-біріне жақын орналасуы мен қатты жел кедергі келтірген.
– Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында өрт толық сөндірілді. Жалынның жалпы аумағы 220 шаршы метрді құрады. Оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр, – делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға және өрт белгілері байқалған жағдайда 101 немесе 112 нөміріне дереу хабарлауға шақырды.