«Екібастұз» Бірінші лига көшбасшыларының бірімен күш сынасты
Валерий Белгібаев командасы Оралда «Ақжайықпен» ойнады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өкінішке орай, футболдан Қазақстанның Бірінші лигасының 16-туры жерлестеріміз үшін сәтсіз аяқталды. Матчтың 41-минутында «Ақжайық» ойыншысы Николай Агапов алаң бұрышынан допты алып, «Екібастұз» қорғаушыларын байқамастан айып алаңына енді. Кеншілер одан допты енді тартып алғанда ала сфера Бақдәулет Көңілімқостың аяғына келді. Жас талант бірден соққы бағыттап, есеп ашты.
Екінші тайм басында Николай Агаповтың өзі «сөз алды». Қорғаушылар қателігін шебер пайдаланған ол есепті еселеді. Әрі қарай қос мерген – Бақдәулет Көңілімқос пен Николай Агапов тағы бір-бірден гол соғып, көрсеткішті 4:0-ге жеткізді.
Төреші қосқан бес минутта екібастұздықтар есептегі айырманы сәл де болса қысқартты. Максим Скорых дене әлеуетін пайдаланып, қақпашымен бетпе-бет шықты да, мүлт кетпеді. Қорытынды есеп 1:4.
«Екібастұз» 11-орынға сырғыды. Келесі матчта команда «Астананың» жастарын өз алаңында қабылдайды. Ойын 27 шілдеде өтеді.
Фото: ашық дереккөздерден