Жеңіс күні: «Ертіс» Қостанайда үш ұпай алуға тырысады
9 мамырда Қазақстан футбол Премьер-лигасының тоғызыншы турының ойындары басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Премьер-лигасының тоғызыншы туры аясында Қостанайда ерекше матч өтеді: тарихи қарсыластар — «Тобыл» мен «Ертіс» кездеседі. Алайда қос команда да маусымды жанкүйерлер күткендей бастаған жоқ.
Павлодарлық ұжымның сәтсіз нәтижелерін белгілі бір деңгейде түсінуге болады — «Ертіс» биыл ғана Премьер-лигаға қайта оралды. Соған қарамастан, турнир кестесінде олардың «Тобылдан» бір ұпайы артық. Ал Қостанай клубының қазіргі жағдайы көпшілік үшін күтпеген әрі ауыр соққы болды. Өткен маусымда команда чемпионатты үшінші орында аяқтап, Қазақстан Кубогын жеңіп алған еді. Сондықтан жанкүйерлер жаңа маусымда табысты жалғастырады деп сенген.
Бірақ сол табысты құрамнан Ахмед Эль-Мессауди, Николай Сигневич және Ислам Чесноков секілді көшбасшылар кетіп қалды. Ал олардың орнын басуы тиіс жаңа ойыншылар әзірге сенімді ойын көрсете алмай жүр.
Қостанайлықтардың құрамында көзге түсіп жүргендердің бірі — клуб түлегі Жасұлан Жұмашев. Жас футболшы команда көшбасшысына айналуға тырысып жүр, алайда оған әзірге тәжірибе мен тұрақтылық жетіспейді. Команданың көңіл көншітпейтін нәтижелері бас бапкер Нұрбол Жұмасқалиевтің қызметінен кетуіне де себеп болды.
«Ертістің» де жағдайы мәз емес, бірақ павлодарлықтар үшін бұл маусым — қайта түлеу кезеңі. Сондықтан Қостанайдағы матч екі команда үшін де аса маңызды болмақ. Жеңіс ауадай қажет.
Матч алдындағы тағы бір қызық жайт — маусым басында «Тобыл» Еуразиялық Топтың қолдауына ие болды. Бір қызығы, аталған компанияның негізгі өндіріс орындарының көбі Павлодар өңірінде орналасқан.
Ойын 9 мамыр күні сағат 20:00-де өтеді. Кездесуді KFF League-тің YouTube арнасы мен Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Айта кетерлігі, бұл — турдағы республикалық ашық арнадан көрсетілетін жалғыз матч.