Павлодар әкімі қала тұрғындарының өтініштерін тыңдады
Осыған дейін қала азаматтары жолды асфальттау және жаңбыр суының жиналуына қатысты сұрақтармен жүгінген болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Хасар Хабылбеков өзінің «Instagram» парақшасында мәлімдеді.
– Дүйсенбіде қала тұрғындарының өтініштері бойынша бірқатар орындарға бардым.
Әлеуметтік желіде Малайсары батыр көшесі, 35-үйдің тұрғындары көлікжай кооперативтеріне кіреберіс жолды асфальттауды өтінген жазба жарияланды.
– Күні кеше ғана осы аулаға тұрғындармен кездесуге бардым. Бұл аумақта 800-ден астам көлікжай бар. Қалалық қызметтер көлікжай кооперативіне апаратын жолды асфальттай алмайды, қала бюджетінде бұл жұмыстар қарастырылмаған, – деп түсіндірді қала басшысы.
Оның айтуынша, асфальт төсеу бойынша магистральдық көшелерге, кварталішілік аумақтарға және жеке сектор көшелеріне басымдық беріледі. Тұрғындармен кездесу қорытындысы бойынша аталған аумақтағы кіреберіс жолға ұнтақталған асфальт қалдығын төсеу шешімі қабылданды.
Сонымен қатар, Павлов көшесі, 11-үйдің тұрғындары аулада жаңбыр суының жиналуына шағымданды.
– Мұнда тұрғындар жаңбыр кезінде су жиналып, үйдің кіреберісіне жету қиынға соғатындықтан, кіреберіске өтуге ыңғайлы төсеніш жасауды сұрады. Бұл жұмыстарды тұрғындардың өздері мақсатты қаражат есебінен атқару керектігін түсіндіріп, кіреберістерге жақын маңдағы жолды су кірмейтіндей етіп жөндеуді ұсындым. Сондай-ақ тұрғындар ойын алаңын жөндеп, жоғарғы қабаттарға кедергі келтіретін ағаштарды кесуді сұрады, – дейді Хасар Хабылбеков.
Қала әкімі қалалық қызметтерге тұрғындардың өтініші бойынша барлық жұмыстарды екі апта ішінде аяқтауды тапсырды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram