Павлодарлық желтоқсаншы: «Желтоқсан желін» тыңдағанда жүрегім қан жылайды
Тәуелсіздік күні қарсаңында 1986 жылы алаңға шыққан Жұмагүл Ахметова медициналық институттың үшінші курсында оқыған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында осыдан 37 жыл бұрын Қарағанды қаласында Желтоқсан көтерілісіне қатысқан Жұмагүл Ахметова Б.Момышұлы атындағы және №39 мектептердің оқушыларымен жүздесіп, сол жылдардың естелігімен бөлісті.
– Жастар 15-16 желтоқсанда Алматыда көтеріліске шықса, Қарағандыда 20 желтоқсанда студенттер алаңға шыққан болатын. Дәріс оқып жатқанда бір жастар келіп: «Қонаевты шығарып тастап, басқа ұлт азаматын, Колбинді елімізге жаңа басшы ретінде қойды» деп айтқаны әлі есімде, – деп еске алады желтоқсаншы.
Жұмагүл Ахметова Қарағандының басқа инстутит пен колледж студенттерімен обкомның алдына шығып, жиналған. Бұл жағдайдың не себептен орын алғанын түсінгісі келген намысшыл шәкірттер алаңға еш үрей-қорқусыз шығып, мардымды жауап алғысы келген. Алайда әскери жауынгерлер мен құқық қорғау орган қызметкерлері оларды қоршап, қыспаққа алған. Елі үшін қамын жеген байғұс студенттерді жұлқылап, көлікке күшпен отырғызып, әкетіп жатқан.
– Полиция бөлімшесіне бізді апарғаннан кейін таңнан түнгі уақытқа дейін ұстап, тергеуге алды. Үстімізден психологиялық тұрғыдан қысым көрсетті. Сұрақтың астында қалып, не айтып, не қойғанын білмей жүргендер болды. Мен өзім сасқалақтамай, нақты жауаптарын беріп тұрдым, – деді Жұмагүл Ахметова.
Оның сөзінше, тергеуден кейін олар есепке алынып, Жаңа жылдан кейін 28 адамды Қарағанды медициналық институттан оқудан шығарып тастаған. Алайда араға бір жыл салып өткеннен кейін қайтадан қайтадан оқуға алған.
Жұмагүл Ахметова Қарағандыдан қайтадан Павлодарға оралып, зейнетке шыққанға дейін тіс дәрігері болып жұмыс істеген. Желтоқсаншы қазіргі жастарға үлкен үміт артатынын айтады.
– «Желтоқсан желі» деген өлеңді айтқан кезде жүрегім қан жылайды. Ол кезде еліміз үшін өзімізді ынталандырып, қазақи рухымызды көтеріп тұрдық. Жастарымыз тәуелсіздігімізді, тілімізді сақтап, салт-дәстүр, дінімізді, тарихмызды ұмытпасын деп тілеймін, – деді ол.
Шара барысында оқушылар желтоқсаншының ерлігіне тамсанып, үлкен әсер алды, өз сұрақтарын қойып, оқиға желісін бір сәт көз алдынан өткізді.