Екібастұздан Павлодарға шала туған нәресте санитарлық авиациямен жеткізілді
Сәби жүктіліктің 30-аптасында дүниеге келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласында дүниеге келген шақалақ одан әрі медициналық күтім көрсету үшін санитарлық авиация арқылы Павлодар қаласындағы облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілді.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиақұтқару» ұшқыштары санитарлық рейс орындап, жаңа туған сәбиді облыс орталығына жеткізді. Ұшу барысында кішкентай науқастың жағдайын санитарлық авиация дәрігерлері тұрақты бақылауда ұстап, қажетті медициналық көмек көрсетті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, нәресте жүктіліктің 30-аптасында мерзімінен бұрын дүниеге келген. Перинаталдық көмекті өңірлендіру туралы талаптарға сәйкес, сәбиді одан әрі күтіп-баптау үшін облыстық перинаталдық орталыққа ауыстыру туралы шешім қабылданған.
Нәрестенің жағдайы медициналық мекемеге жеткізілген сәтте тұрақты ауыр деп бағаланды.
Айта кетелік, санитарлық авиация шалғай елді мекендердегі ауыр жағдайдағы науқастарға жедел әрі уақытылы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе арнайы медициналық жабдық пен жоғары білікті мамандардың көмегін қажет ететін сәбилер үшін маңызды.