Павлодарда ревматологиялық орталық ашылды
Ішінде екі типті стационарлар болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ревматологиялық орталық Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық ауруханада жабдықталды.
Мекеме директоры Арман Мұсабековтың айтуынша, ревматологиялық аурулардан зардап шегетін тұрғындар білікті медициналық көмек ала алады. Ол үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған, жабдықталған зертхана бар.
– Стационарлық көмектен басқа, емхана жанынан амбулаториялық қызметті кеңейтеміз, пациенттер тексеруден өтіп, консультация мен ем ала алатын күндізгі стационар ашамыз, – деп атап өтті Арман Мұсабеков.
Бұрын әртүрлі ауруханаларда терапевтік немесе кардиологиялық бөлімшелерде бірнеше төсек-орын ғана бөлінген.
Ревматология басқа мамандықтармен тығыз байланысты, сондықтан облыстық көпсалалы ауруханада ашу туралы шешім қабылданған.
– Біз барлық органдар мен жүйелерге әсер ететін аутоиммунды ауруларды емдеумен айналысамыз, – деді ревматологиялық орталықтың меңгерушісі Ақылбек Бижанов. – Егер үшінші немесе төртінші сатыдағы буындардың зақымдануы болса, протездеу қажеттілігін бағалау үшін травматологты шақыра аламыз.
Егер науқастарда асқазан-ішек жолдарының проблемалары болса, онда емдеудің одан әрі тактикасы терапиямен бірге қарастырылады. Ауырлық дәрежесі мен емдеу дерматологтармен талқыланады, егер псориазды артропатия туралы айтатын болсақ, онда тері де, буындар да зардап шегеді.
Аймақ тұрғындары арасында ең көп таралған аурулардың бірі – деформацияланатын остеартроз және ревматоидты артит деп аталды. Біріншісі жамбас немесе тізе буындары зақымдалған егде жастағы адамдарда, артрит жастар арасында жиі кездеседі. Бөлімде 25 жастағы жігіт пен 18 жастағы қыз емделуде.
– Пациенттеріміздің өмір сүру сапасын базистік препараттармен жақсартамыз, гендік-инженерлік биологиялық препараттарды енгіземіз, – деді Ақылбек Бижанов.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас ревматологы, қазақ ревматологы қауымдастығының төрағасы және Еуразиялық ревматология лигасының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ғалымжан Тоғызбаевтың айтуынша, жаңа орталықтың ашылуы – облыстың ғана емес, еліміз үшін денсаулық сақтау саласындағы маңызды оқиға.
– Енді халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге, ревматикалық аурулары бар науқастарды диагностикалауды уақтылы жүргізуге және пациентті мүгедектікке жеткізбей емдеуге мүмкіндік бар, – деп атап өтті Ғалымжан Тоғызбаев. – Заманауи үлгідегі жабдықтардың көмегімен ауруды ерте анықтап, ем жасалады. Адамның жүріс-тұрысы дұрысталады. Көбінесе бұрын аяқ қисайғанда кәріліктің белгісі деп айтатын. Сүйектің әлсіреуін аурудың түрі деп ойламайтын. Сонымен қатар, жас келіншектер аутоиммундық ауруларға шалдығады. Босанғаннан кейін ағза әлсіреп, буын аурулары, ревмтоиды артрит пайда болады. Бүгінге ертерек ем қабылдау үшін көмек беріледі.
Жақын арада басқа өңірлер мен қалаларда да осындай орталықтар құру жоспарланып отыр.
Облыстағы жалғыз ревматологиялық орталықта төрт дәрігер жұмыс істейді, тағы екеуі емханада пациенттерді қабылдайды.
Конференция облыстық ауруханада жаңа мекеменің ашылуына орайластырылды, онда мамандар ревматолог-дәрігердің тәжірибесіндегі пәнаралық мәселелерді қарастырды.
Сәуір айында павлодарлық дәрігерлер Алматы қаласында өтетін Азия-Тынық мұхиты ревматологтар лигасының симпозиумы кезінде шеберлік сабақтарынан өтеді. Оған отыздан астам әлемдік сарапшы келеді.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде емхананың жолдамасы бойынша ревматологиялық орталықта тексеру және емдеу тегін жүргізіледі.
Серіктестік материал
Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы, Павлодар облысы әкімдігінің 2012 жылғы 23 қаңтардағы № 00986 лицензиясы