Павлодарлық дәрігерлер қызылшаға қарсы екпе салдырмаудың қаупі жайлы дабыл қағуда

Павлодарлық дәрігерлер қызылшаға қарсы екпе салдырмаудың қаупі жайлы дабыл қағуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Есепте өңір бойынша екпе салудан бас тартқан 860 тұрғын бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев мәлім етті.  

Жаз кезінде қызылша ауру жағдайлары көбейеді. Наурыздың басынан жұқпалы ауруды 26 кәмелетке толмаған, ал маусым мен тамыз аралығында 17  жеткіншек қызылша ауруына шалдыққан.  

– Бұл жоғары жұқпалы ауру болғандықтан, екпе алмағандар науқастан тез жұқтырып алады және басқаларға да таратады. Қызылшаны жұқтырып алған 26 науқастың ішінде төртеуі  –  бала. Олар бір отбасынан шыққан және уақытында екпе алмай, бас тартқан болатын, – деді Батырбек Әлиев. 

Басқарма басшысының мәліметінше, есепте вакцинациядан бас тартқан 860 адам бар. Оның ішінде ата-анасының бас тартуына байланысты 200-ден астам бала екпе алмады. Айта кету керек, облыста барлығы үш мыңнан астам кәмелетке толмаған қызылшаға қарсы екпе алды.

– Вакцинациядан бас тартқан адам көптеген асқынулар шығады,  тіпті өлімге дейін әкеп соқтыруы мүмкін. Қызылша ауруынан кейін адамда құрысу, мидың ісінуі, пневмония сияқты салдары байқалады. Сондықтан да  біз ақпаратты теледидар, БАҚ және емханалар арқылы хабардар етуге тырысып жүрміз, – деп түсіндірді Батырбек Әлиев. 

Естеріңізге сала кетейік, вакцинаны тіркелген жері бойынша емханадан алуға болады. Бұрын вакцинацияланбаған 30 жасқа дейінгі адамдар үшін тегін екпе салады.  Балалар ұлттық вакцинация күнтізбесі бойынша 12-15 айда және алты жаста екпе алады.