Екібастұздағы тұрғын үй нарығы: қарқынның артуына әсер еткен себептер

Екібастұздағы тұрғын үй нарығы: қарқынның артуына әсер еткен себептер
фото: Константин Шелков

Шаһарда жылына шамамен 110 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, алдағы бірнеше жылда көрсеткіш арта түседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қолданысқа берілетін баспана аумағы 150 мың шаршы метрге жетеді. Тұрғын үй құрылысының қарқын алу себептерін қала әкімі Аян Бейсекин түсіндірді.

Шаһар басшысының мәліметінше, биыл халық игілігіне үш бесқабатты баспана берілді. Жеке инвестициялар есебінен тағы бес қабатты үй салынып жатыр. Пәтер саны – 160.

Жаңа үйлердің басым бөлігі жеке инвестициялар көмегімен тұрғызылып жатыр. Бұл баспанаға деген сұраныстың жоғары екенін дәлелдейді. Көрсеткіш арта бермек. Энергетиктер көшесінде 36 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, 9 шағын ауданда екі бесқабатты баспана салу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, дейді Аян Бейсекин.

Қалада баспана салуға қажет жер тапшылығы жоқ. Шаһардың әлеуметтікэкономикалық даму көрсеткіштеріне байланысты бас жоспарға өзгертулер енгізу жұмыстары қолға алынды.

Жоспар аясында 2040 жылға қарай қала республикалық жол бағытында, яғни, Ащыкөл көліне қарай дамиды деген болжам бар. Ұзақмерзімді перспективада әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй нарығын дамыту үшін инженерлік инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруды есепке алғанда су қоймасының аумағын пайдалану мәселесі қаралады. Әзірге, баспана құрылысына қажет жер тапшылығы жоқ, дейді Аян Бейсекин.

Дегенмен, жекеменшік компания 100 миллион теңге бөліп, Ащыкөл жағасын абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Нақтырақ айтқанда, 10 мың тонна құм тасымалданды. Алдағы үш жылда жер жұмыстары жалғасады.

Тұрғын үй нарығындағы өсім мен сұраныс өндірістік шаһарға жұмыс күшінің тартылуымен де түсіндіріледі.

Бес жыл бұрын қала мен ауылдық аймақтан үш мыңнан астам адам көшіп кетіп отырса, бүгінгі көрсеткіш төмен. Біз көші-қон бағдарламасымен белсенді айналысудамыз. Соңғы үш жылда еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен Екібастұзға 300-ге жуық отбасы немесе бір мыңнан астам адам қоныс аударды, дейді Аян Бейсекин.

Десе де, өңірде жаңа инвестициялық жобаларды іске қосуға байланысты жаңа жұмыс орындары ашылып, білікті кадрларға тапшылық пайда болды. Мәселені шешу мақсатында Қазақстанның түкпір-түкпірінен кәсіби мамандар шақырылады. Алдағы жылдары өндіріс ошақтарының ұжымдары төрт мыңға жуық маман иесімен толықпақ.