Павлодардағы дүкенде сәбіз бағасы екі есеге қымбаттады
Құқық бұзушыға айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті хабарлады.
Жыл басынан бері департамент қызметкерлері сауда заңнамасын бұзған 71 кәсіпкерге әкімшілік айыппұл салған. Бұл айыппұлдың басым бөлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасының негізсіз көтерілуіне байланысты болып отыр. Олардың қатарында картоп, сәбіз, қияр, пияз, қырыққабат, макарон, күріш, қант, күнбағыс майы, тұз, қарақұмық, бірінші сұрыптық жұмыртқа, қарақұмық жармасы бар.
Департамент мамандарының айтуынша, бір тасымалдаушы картоптың келісін 170 теңгеден сатып алып, оны дүкенде 201 теңгеге саудалаған. Сауда үстемесі 18 пайызды құрады.
- Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде дүкен саудагеріне айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, оларға бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылды. Өнімнің бес сауда нүктесіне көтерілген бағамен жеткізілуі осы тектес бұзушылықтың жүйелі сипат алғанын көрсетті, - деп хабарлады департамент.
Мемлекеттік орган бірнеше кәсіпкердің рұқсат етілген үстеме мөлшерлемесі айтарлықтай асып кеткенін анықтады. Ең қымбат тауарлар сәбіз (96%) бен қияр (56%) болды. Келісі 130 теңгеден сатып алынған сәбіз 255 теңгеден сатылса, 1650 теңгеден алынған қияр келісі 2585 теңгеден сатылды.
Пияз, қырыққабат сияқты көкіністердің бағасы көтерме тасымалдаушының сатып алу бағасына белгіленген 15 пайыздың орнына 50 пайыздан астам үстеммен сатылған.
Сауда мөлшерінен асырғаны үшін айыппұл шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін 5 АЕК (21 625 теңге), орта бизнес үшін 35 АЕК (151 375 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 150 АЕК (648 750 теңге) құрайды.
Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет 300 АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
Айыппұл тауарды теңгедегі бағасын көрсетпей немесе көрсетілген бағадан жоғары мөлшерде сататын кәсіпкерлерге де қолданылады.
Тұрғындар осындай деректерді байқаса, Павлодар қаласы, Генерал Дүйсенов көшесі, 9 мекенжайы бойынша немесе «Е-Өтініш» порталы арқылы шағым түсіре алады. Бұзушылық туралы хабарлаған жағдайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз қымбаттауына қатысты фото, бейнематериалдар мен түбіртекті қоса жіберген жөн. Сұрақтар бойынша 55-10-70 телефоны арқылы хабарласуға болады.