Екібастұздықтар оңалту орталығына мұқтаж болып отыр
Облыс әкімі Асайын Байханов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір тұрғындары аймақ басшысына еліміздің жұмыс күші артық өңірлерінен қоныс аударушыларды мемлекеттік қолдау, денсаулық сақтау, жер қатынастары және тағы да басқа толғандыратын мәселелер бойынша жүгінді.
– Ақсу қаласының тұрғыны №1 қалалық ауруханада медициналық көмектің сапасыз көрсетілетініне шағымданды. Кеншілер қаласының тұрғыны Павлодар облыстық балалар ауруханасының мысалында Екібастұзда оңалту орталығын ашу қажеттілігі туралы өтініш білдірді,– деді облыс әкімінің баспасөз қызметінде.
Сонымен қатар, азаматтарды қабылдау барысында жұмысқа орналастыру, сондай-ақ, қоныс аударушылар квотасына жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аудару бағдарламасына қатысушыларды қосу, облыс тұрғындарына жер учаскелерін беру, Шахтер саябағында аттракциондар орналастыру және басқа да сұрақтар қарастырылды.
Барлық айтылған сұрақтар бақылауға алынды. Қосымша қарауды талап ететін өтініштер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға тапсырмалар берілді.
Естеріңізге сала кетейік, облыс тұрғындары қабылдауға e-gov порталы, E-otinish.kz немесе әкімдіктің 8 (702)166-16-61 WhatsApp желісі арқылы жазыла алады.