Ертіс ауылындағы бассейн құрылысы 70 пайызға аяқталды
2026 жылы Павлодар облысында екі бассейн ашылды, тағы біреуі Ертіс ауылында салынып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2026 жылы Павлодар облысының Май ауданындағы Көктөбе ауылында және Успен ауданындағы Успенка ауылында жүзу бассейндері пайдалануға берілді. Ал Ертіс ауылындағы бассейн құрылысының дайындық деңгейі 70 пайызды құрайды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2026 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланған. Бұл туралы облыстық құрылыс басқармасы хабарлады.
Нысанның тапсырыс берушісі — Ертіс ауданының әкімдігі, мердігері — «Промжилстройкомплекс» ЖШС. Өңірдің басқа елді мекендерінде де спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Мәселен, Баянауылда Bayanaul Arena дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрамындағы бассейн жұмыс істейді. Мұнда ұзындығы 25 метр болатын төрт жүзу жолағы бар. 2026 жылғы қаңтарда үш жаттықтырушының жетекшілігімен жеті оқу-жаттығу тобында 100-ден астам бала жүзумен айналысқан.
2026 жылғы наурызда Көктөбе ауылында да бассейн ашылды. Нысан жыл бойы жүзумен айналысуға арналған, бір мезгілде 14 бала жаттыға алады. Бассейн ересектер мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға да қолжетімді. Осылайша, биыл өңірде Успенка ауылындағы бассейн пайдалануға беріліп, Ертіс ауылындағы нысанның құрылысы жалғасып жатыр.
Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, Павлодар қаласының Достық шағын ауданында 5 мың орынға арналған бассейні бар көпфункционалды спорт кешенінің жобасы әзірленуде. Қазіргі уақытта «Қазақ энергетика және байланыс ғылыми-зерттеу және жобалау институты» ЖШС жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр. Жобаны іске асыру мерзімі жобалау жұмыстарының аяқталуына, мемлекеттік сараптамадан өтуіне және қаржыландыруға байланысты болады.
Осы шағын ауданда 2026 жылы Мұз сарайының құрылысы басталды. Қазір қазаншұңқыр қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер — «Lux Building Company» ЖШС. Жобаны іске асыру мерзімі 2026–2027 жылдарға белгіленген. Ал Екібастұз қаласында мұз айдыны бар көпфункционалды спорт кешенінің жобасы әзірленуде.
Аудан орталықтарында бассейндер салу бастамасы Павлодар облысының әкімі Асаин Байхановқа тиесілі. Жоспарға сәйкес, мұндай нысандар барлық он ауданда салынады.