Павлодар облысындағы «Нұрлы жол» көпірі жөнделеді
Орталық Азиядағы ең ірі көпір 10 жылдан бері пайдаланылып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көпірге орташа жөндеу жүргізу жобасы бойынша ведомстволық сараптаманың оң қорытындысы алынды.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Павлодар облыстық филиалының директоры Ермұрат Нұрхановтың айтуынша, нысан жөндеу жұмыстарын жүргізуге дайын. Конкурсты қыс мезгілінде өткізу жоспарланып отыр, ал жөндеу жұмыстары келесі жылы басталады.
Ұзындығы 14 шақырымнан асатын «Павлодар қаласының Батыс айналма жолы – Ертіс өзені арқылы өтетін көпір өткелі» автомобиль жолының құрамында «Нұрлы жол» көпірі бар.
– Көпір жылдар бойы қалыпты пайдаланылып келді, алайда қазір жөндеу жүргізетін уақыт келді. Асфальттың жоғарғы қабатын ауыстырып, жарықтандыру жүйесін жаңартуды, бөгетті нығайтуды және жол белгілерін жаңартуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ көпір өткелінің негізі мен жарықтандыру жүйесіне қажетті жұмыстар жүргізіледі, – деді Ермұрат Нұрханов.
Компания басшысының айтуынша, орташа жөндеу кезінде көпірдегі көлік қозғалысы толығымен тоқтатылмайды.
– Әр жөндеу жұмысы әкімшілік полиция басқармасымен келісіледі. Жұмыс кезінде көлік қозғалысын ұйымдастыру тәртібі белгіленеді. Жолды толығымен жабуды жоспарлап отырған жоқпыз – көліктердің жүруі үшін қажетті жолақтар қарастырылады, – деп түсіндірді Ермұрат Нұрханов.
Айта кетейік, бірегей көпір Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай пайдалануға берілді. Ол заманауи технологиялар мен вант түріндегі көлбеу иілгіш аспаларды қолдана отырып салынған.
Қазақстанда алғаш рет көпір құрылысы кезінде орталық арканы швейцариялық өндірістің арнайы гидравликалық арқан және домкрат жүйесі арқылы көтеру технологиясы қолданылды.
Көпірдің жүру бөлігінде төрт жолақ бар, ал өткізу қабілеті тәулігіне шамамен 10 мың көлікті құрайды. Жаңа жол автокөліктердің жүретін жолын 40 шақырымнан астам қысқартуға мүмкіндік берді. Көпір пайдалануға берілгеннен кейін Павлодардағы көше-жол желісіне түсетін жүктеме азайып, көлік және транзит ағындары оңтайландырылды.