Екібастұз теміржол вокзалында демонтаждау жұмыстары толық аяқталды
Құрылыс-монтаж жұмыстары кестесінен кешіктірілмей жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Биыл облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасымен және қала құраушы кәсіпорындарды қаржыландырудың арқасында ғимаратты қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта бүкіл ғимарат бойынша демонтаждау жұмыстары 100% жасалды, – деп жазды Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин Іnstagram парақшасында.
Шатырды жабу және ішкі әрлеу жұмыстарының 70%-дан астамы орындалды. Ішкі инженерлік желілер де жаңартылды, жылу қондырғыларының бірі іске қосылды, екіншісін орнату және іске қосу аяқталу сатысында тұр. Қасбет жұмыстары 75 пайызға, абаттандыру 50 пайызға орындалған. Өрт дабылы мен бейнебақылау жүйесін орнату жұмыстары аяқталды.
Қала әкімі мердігер және станция басшылығымен кездесіп, нысан қала үшін көптен күткен өте маңызды жұмыс болғандықтан, мердігерге бірінші кезекте атқарылатын жұмыстардың сапасына мән беруді тапсыры.
Еске сала кетейік, ғимарат 1988 жылы салынған болатын. Сол кезден бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеді.