Ертіс ауданында пішен бағасы арзандады
Өткен жылмен салыстырғанда баға үш есе төмендеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданында 2024-2025 жылдар қысқы маусымына 123 мың тонна пішен, 65 мың тонна сабан және алты мың тонна сүрлем дайындауды жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда 76 мың тоннасы шабылып, 88 мың тонна шөп жиналған. Орташа өнім 11 тоннадан асқан. Шөп шабу науқаны жаңбырға байланысты біршама кешіктірілген, бірақ жұмыс әрі қарай жалғасын табады.
Облыстық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайролла Нұрғажиновтың айтуынша, биыл жергілікті тұрғындар арасында қыс мезгіліне шөп дайындау барысында қиындық туынмайды.
– Былтыр бір орам шөпке 15 мың теңге тұрса, биыл – бес мың теңге. Өйткені 2023 жылдың жазында қатты құрғақшылық болды, – деді басшы.
Дәнді дақылдарға келсек, бүгінге дейін 42 мың гектар алқап орылды. Орта есеппен 12 тоннаға жетеді, одан 52 мың тонна астық шығады. Жауын-шашын салдарынан астық шабу мерзімі де кешіктірілген, былтыр осы уақытта егіннің жартысы жиналған.
Қайролла Нұрғажиновтың сөзінше, күзгі дала жұмыстарын сәтті өткізу үшін жақсы техника керек. Қазір ауыл шаруашылығы қызметкерлері 15 астық кептіргішпен және 47 механикаландырылған диірменмен жұмыс істеуде. Жабдықтар жақында ауыстырылды, барлық жабдықтардың 90 пайызы жаңа. Жақын арада тозығы жеткен қалған он пайызы жаңартылады.