Чек-парақ: павлодарлықтар ескі аккумуляторды қалай тапсыра алады?
Пайдаланылған автокөлік аккумуляторын тапсырғаны үшін төрт мыңнан 15 мың теңгеге дейін ақша алуға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Егер үйіңізде немесе гаражыңызда ескі автокөлік аккумуляторы тұрса, оны бірден қоқысқа тастауға асықпаңыз. Құралды қайта өңдеуге тапсырып, төлем алуға болады. Ол үшін не істеу керек екенін түсіндіреміз.
1. Аккумуляторды қабылдау пунктіне апарыңыз. Ол Павлодар қаласында, Сұрағанов көшесі, 21/1 мекенжайы бойынша орналасқан.
2. Жеке куәлігіңізді ала барыңыз. Аккумуляторды қабылдау кезінде иесінің мәліметтері арнайы журналға тіркеледі.
3. Маманның тексеруін күтіңіз. Ол аккумуляторды қарап, жағдайы мен сыйымдылығын бағалайды.
4. Қанша ақша алатыныңызды біліңіз. Тапсырылған аккумулятор үшін төрт мыңнан 15 мың теңгеге дейін төленеді. Нақты сома оның жағдайы мен сыйымдылығына байланысты есептеледі.
5. Аккумуляторды қайта өңдеуге тапсырыңыз. Қабылданған аккумуляторлар сұрыпталып, қапталады. Содан кейін «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Тандем Recycling» зауытына жіберіледі.
6. Жаңа аккумулятор сатып алғыңыз келе ме? Кәсіпорыннан жаңа аккумулятор алсаңыз, қосымша жеңілдік қарастырылады.
7. Қосымша сұрақтарыңыз болса, 33-88-33 нөміріне хабарласуға болады.