Павлодарда қоқысты кез келген жерге төгіп кету жағдайлары көбейген
Рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастағаны үшін айыппұл салынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалында экологиялық кеңестің отырысы өтті. Жиында көгалдандыру, қоқыс контейнерлерін орналастыру және бейберекет қоқыс үйінділерін жою сияқты өзекті экологиялық мәселелер қаралды.
Отырысқа кеңес төрайымы Раушан Даумова, кеңес мүшелері, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану басқармасы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен ТКШ өкілдері қатысты.
– Көгалдандыру – қаладағы экологиялық ахуалды жақсарту үшін негізгі міндеттердің бірі. Біз мұндай жобалардың тұрақты түрде жүзеге асырылуына жұмыс жасаймыз, – деп Раушан Даумова бұған дейін партия мүшелерінің «Қазақстан алюминийі» АҚ қызметкерлерімен кездескенін және олардың аумақтарды абаттандыру, ағаштарды қырқу және көшет отырғызу мәселелерін көтергенін атап өтті.
ТКШ басқармасының өкілдері жаңартылған еуроконтейнерлердің көлемі ұлғайып, қақпақтармен жабдықталған, алайда кейде олардың дұрыс орналастырылмауына қатысты шағымдар түсіп тұратынынмәлім етті.
– Ережеге сәйкес, контейнерлер тұрғын үйлерден 20-25 метр қашықтықта орналасуы керек, бірақ қаланың тығыз құрылысы бұл норманы әрдайым сақтауға мүмкіндік бермейді. Комиссия түсетін шағымдарды үнемі қадағалап, контейнерлерді бейтарап аумақтарға көшіруге тырысады, – деп хабарлады ТКШ өкілдері.
Кеңес контейнерлерді орнату мәселелерін жедел шешу үшін көшпелі мониторинг ұйымдастыруды ұсынды.
Отырыс барысында өңірімізде жеке сектор тұрғындарының қоқысты арнайы орындарға апармай, кез келген жерге төгіп кету жағдайлары жиі кездесетіні айтылды. Қатысушылар мәселені шешуден гөрі алдын алу оңайырақ. Сондықтан тұрғындарды әлеуметтік желілерді, блогерлерді және басқа медиа платформаларды пайдаланып, рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастағаны үшін айыппұл салынатыны туралы белсенді түрде ақпараттандыру қажет деп шешті.
Айта кетейік, келесі жылы қоқыс үйінділерін бақылауды жалғастырып, экологтармен тығыз байланыс орнату жоспарланып отыр. Контейнерлердің бүлінуі немесе бейберекет қоқыс үйінділері бойынша мәселелер туындаса, «109» нөміріне хабарласуға болады.