Павлодарда Ертіске бес мың бекіре жіберіледі
Әр балықтың орташа салмағы екі келіні құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, 29 қыркүйекте Ертісті балықтандырудың кезекті кезеңі өтті.
Жұмыстар өңірдегі су биоресурстарын сақтау және көбейту мақсатында жүргізілуде. Негізгі міндеттердің бірі – өзендегі бағалы балық түрлерінің қорын толықтыру.
Биыл қазан айының соңына дейін Ертіске бекіре тұқымдас 5000 балық жіберу жоспарланған. Олардың әрқайсысының орташа салмағы – екі келі.
Балықтар өзенге бірден емес, кезең-кезеңімен жіберіледі. 29 қыркүйектегі шара осы жұмыстың кезекті бөлігі болды.
Басқарманың мәліметінше, балықтандыру Ертіс бассейніндегі бағалы балық түрлерін сақтауға, олардың санын көбейтуге және өзеннің биоалуантүрлілігін қолдауға бағытталған.
Еске сала кетейік, «Ертіс: достық өзені – даму өзені» II халықаралық форумының қатысушылары экологиялық акция аясында өзенге 1000 бекіре шабағын жіберген еді.