«Ертіс орманында» құстарға 300-ден астам жаңа баспана салынды

Шарбақты және Аққулы аудандарының мектеп оқушылары экологиялық акцияға қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» табиғи резерватының мемлекеттік инспекторлары оқушылармен бірге 308 құс ұясын жасап, орманға орналастырды.
– Бұл акцияның негізгі мақсаты – құстарға жайлы мекен дайындау, олардың популяциясын сақтау және жастарға экологиялық тәрбие беру. Құстар – табиғаттың ажырамас бөлігі, ал олардың санының артуы экожүйенің тұрақтылығына оң әсер етеді. Қанатты достарымызға жаңа үй сыйлау – табиғатты аялаудың бір көрінісі, – деді «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, Халықаралық Құстар күніне орай табиғи резерват қызметкерлері мен Шалдай ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен Шалдай мектебінің оқушыларына «Құстар әлемі» атты танымдық дәріс өткізілді.
Оқушылар өңірде мекендейтін құстар туралы қызықты деректермен танысып, табиғаттың қанатты тіршілік иелері жайлы білімдерін кеңейтті.
– Резерват аумағын 50-ден астам құс түрі мекендейді. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген сирек кездесетін 4 құс түрі бар. Олар: биік таулар мен кең даланы мекендейтін айбынды жыртқыш – бүркіт, орманның тылсым әрі түнгі сақшысы – үкі, Қазақстанның далалы аймағында сирек кездесетін құс – безгелдек, ұшқырлығы мен ептілігімен ерекшеленетін құс – ителгі, – делінген хабарламада.
Қазіргі таңда ғылыми қызметкерлер құстардың популяциясын зерттеу мақсатында далалық жұмыстар жүргізуде.