«Ертіске» бір жылда төртінші бапкер не үшін керек?

«Ертіске» бір жылда төртінші бапкер не үшін керек?
Фото: автор

2026 жылғы көрсеткіштер бәрін айтып тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық «Ертіс» Қазақстан футболындағы өзіндік антирекордқа жетті: бір күнтізбелік жылдың ішінде клуб төртінші бас бапкерін тағайындағалы отыр. Премьер-лигаға енді ғана оралған бес дүркін чемпион үшін бұл дағдарыстан шығудың жолынан гөрі, сол дағдарысты тереңдете түсетін басқару үлгісіне көбірек ұқсайды. 2026 жылғы көрсеткіштер бәрін айтып тұр.

Кирилл Альшевский — 10 матч, 1 жеңіс, 3 тең ойын, 6 жеңіліс. «Ордабасы», «Атырау», «Қызылжармен» болған нәтижелер үміт сыйлағанымен, команда кейін күрт төмендеді.

Нұрбол Жұмасқалиев — 6 матч, 4 тең ойын, 2 жеңіліс. Бірде-бір жеңіс жоқ.

Марат Еслямов — 6 матч, 2 жеңіс, 1 тең ойын, 3 жеңіліс. Жекелеген оң нәтижелер болғанымен, «Елімай» мен «Тобылдан» өз алаңында жеңілу кезекті отставкаға әкелді.

Енді клуб тағы да Бірінші лигада жұмыс істеген маман Ерлан Шойтымовқа сенім артып отыр. Осы жерде негізгі сұрақ туындайды: команда ең ауыр дағдарысқа түскен сәтте неге тағы да ҚПЛ тәжірибесі жоқ бапкер таңдалады?

Бір жылдың ішінде «Ертіс» шамамен 40 футболшымен қоштасып, соншаға жуық ойыншыны қатарға қосты. Бірақ тұрақты құрам да, нақты ойын жүйесі де, ұзақ мерзімді жоспардың белгісі де байқалмайды. Нәтижесі — турнир кестесіндегі соңғы орын және Премьер-лигадан бірден түсіп қалу қаупі.

Ең қызығы — мұндай жағдайда Павлодардың өзінде клубтың ішкі жағдайын, жергілікті футболды және қолда бар ресурсты жақсы білетін мамандар бар. Валерий Белгібаев, Рахман Асуханов — павлодарлық футболға етене таныс бапкерлер. Асуханов Екінші лиганың өзінде қолдағы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ұйымшыл әрі ойын өрнегі түсінікті команда құра алатынын көрсетті.

Сонымен қатар Серік Әбдуәлиев пен Виталий Спарышев секілді павлодарлық футболдың өкілдері бар. Олардың айналасына жергілікті мамандардан тұратын штаб құрып, команданы қайта қалыптастыруға болатын еді.

Премьер-лигадан түсіп қалу ақыры болмай қоймайтын жағдайға айналса да, маңызды мәселе — «Ертістің» қалай түсетіні.

Бір жолы — тағы да бапкер ауыстырып, жаңа футболшылар әкеліп, әр жолы бәрін басынан бастау. Екінші жолы — команданы жергілікті мамандарға сеніп тапсырып, жастарға мүмкіндік беру, негізгі құрамды қалыптастыру және клубтың келешегіне жұмыс істейтін іргетас қалау.

Әзірге «Ертіс» бірінші жолды таңдап отыр. Тағы бір бапкер, тағы бір өзгеріс, тағы бір үміт. Бірақ бұл карусельдің әр айналымы клубты шешімге жақындатпай, керісінше тұңғиықтың шетіне қарай жылжыта түсуде.