«Батыр» Ақсуға көшті: ҚПЛ-ға ұмтылған «Тұран» қонаққа келеді
Матч 27 тамызда сағат 15:00-де өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Бірінші лигасының 20-турындағы Екібастұздың «Батыры» мен Түркістанның «Тұраны» арасындағы кездесу Ақсу қаласындағы «Достық» стадионына ауыстырылды. Матч 27 тамызда сағат 15:00-де өтеді.
Ойынның басқа стадионға көшірілуіне «Шахтер» стадионында 28 тамыз күні өтетін халықаралық Alash Pride & Jas Qyran FC ММА турнирі себеп болды. Қазақстан футболында стадиондардың концерттер, шоулар және басқа да спорттық емес іс-шараларға берілуіне байланысты футбол матчтарының ауыстырылуы жиілеп келеді.
Алдағы кездесу турнирлік тұрғыдан да қызықты болмақ. «Тұран» Премьер-лигаға жолдама алуға жақын. Түркістандық клуб 38 ұпаймен үшінші орында келеді. Команда құрамында павлодарлық футболшылардың қарасы көп: Никита Калмыков, Арман Кеңесов, Мирас Тұрлыбек және Арман Смаилов. Осы тұрғыдан алғанда, «Тұранды» Павлодар футболшылары ең көп өнер көрсететін командалардың бірі деуге болады.
«Батырдың» нақты турнирлік мақсаты болмаса да, команда кез келген қарсыласына лайықты қарсылық көрсетіп жүр. Екібастұздықтар жетінші орында, ал олардан бір саты жоғары тұрған «Жайықтың» қоржынында небәрі бір ұпай артық. «Батыр» мен «Тұранның» арасын 12 ұпай бөліп тұрғанымен, Виталий Спарышев шәкірттері ойын сапасы жағынан Премьер-лигаға шығуға аз қалған қарсыластан кем түспейтінін дәлелдеуге тырысады.
Матч 27 тамызда сағат 15:00-де өтеді. Жанкүйерлерді Ақсуға келіп, жерлестерімізге қолдау көрсетуге шақырамыз.