Фермадан – үстелге: Шарбақты бақылау пунктінде жүйе сынақтан сәтті өтті

Фермадан – үстелге: Шарбақты бақылау пунктінде жүйе сынақтан сәтті өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жоба  азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «фермадан – үстелге» принципі бойынша мал шаруашылығы өнімдерін толық қадағалау жобасын жүзеге асыруда. Ведомство «Етті ветеринарлық-санитарлық сараптау» модулін әзірледі. Ол ауыл шаруашылығы жануарларын тексеріссіз союға жол бермеуге, алдымен ветеринарлық тексеруді және союдан кейінгі ветеринарлық-санитарлық сараптаманы өткізуге арналған.  

Жүйе сою және ішкі сауда объектілерінде ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өткеннен кейін сараптама актісін берудің бизнес-процестерін автоматтандырады, жануардың толық өмірлік циклі туралы ақпараты бар QR-кодты қалыптастырады. Бұл QR ет сату орындарында орналастырылады, малдарды ветеринарлық тексерусіз және сараптамасыз союдың алдын алуға мүмкіндік береді. QR-код арқылы 117 мыңнан астам ветеринарлық анықтама бланкі және 438 мың сараптама қорытындысы шығарылды.

– Жүйе Ресей Федерациясымен шекаралас Шарбақты ветеринарлық бақылау пунктінде сынақтан сәтті өтті. Қазіргі таңда жоба іске қосылып, барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда жұмыс істеуде. Оған 1664 мал сою орны, ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханалары, сауда орындары қосылған, – дейді министрлікте. 

Жүйеде 1470-тен астам ветеринар, ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханасының қызметкері және мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар тіркелген.