Павлодарда өрт шарпыған жер көлемі тоғыз есе ұлғайды

Павлодарда өрт шарпыған жер көлемі тоғыз есе ұлғайды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Биыл өңірде тілсіз жау мың гектарға жуық алқапты жалмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста қызыл жалыннан келген материалдық шығын 19 миллион теңгеден асты. Мемлекеттік орман қоры жерлеріндегі өрт қауіпті кезеңі 6 сәуірде басталып, 10 қарашада аяқталды. Осы уақыт ішінде өңірде 135 орман өрті орын алған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 36,6 пайызға аз. Дегенмен, жалын шарпыған жердің жалпы көлемі 928,7 гектарға жетіп, материалдық шығын үш есе артқан.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қайрат Шаймарденовтің айтуынша, оқиғалардың басым бөлігі орман шаруашылығы мекемелері мен ұлттық парк аумағында болған.

– Жалпы 98 жағдай немесе шамамен 73 пайызы «Ертіс орманы» резерваты мен Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орын алды. Ал жергілікті атқарушы органдардың қарамағындағы орман алқаптарында 37 оқиға болды, – деді ол.

Тілсіз жаудың негізгі себептері – құрғақ найзағай мен адам факторы. Атмосфералық құбылыс салдарынан 104 рет жалын тұтанған. Бұл барлық жағдайдың 78 пайызын құрайды. Тағы 31 оқиға тұрғындардың отты абайсыз қолдануынан туындаған. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы жерлерінде шөп өртеу, қауіпсіздік талаптарын сақтамау және далалық алқаптардан орманға оттың таралу деректері де анықталған.

Биыл Баянауылда 850 гектарды, Шарбақтыда 500 гектарды, Екібастұз аумағында 115 гектарды қамтыған үш ірі дала өрті тіркелген. Олардың жалпы аумағы 1,5 мың гектардан асады.

– Алдын алу шаралары аясында облыста 241 адамнан құралған 49 мобильді топ жасақталды. Оларға полиция, орман шаруашылығы мекемелері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кірді. Мамандар қауіпті маусымда 2,5 мыңнан астам рейд өткізіп, қауіпсіздік ережелерін бұзған 297 адамды анықтады. Заң бұзушыларға жалпы сомасы екі миллион теңгеден асатын әкімшілік айыппұл салынды, – деді Қайрат Шаймарденов.

Төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін 118 адам мен 36 бірлік жоғары өтімді техника әзірленді. «Ертіс орманы» резерваты мен Баянауыл ұлттық паркінің аумағын қорғау мақсатында өртті сөндіруге арналған екі топ адам мен арнайы техника дайындалды, көршілес облыстарға көмек көрсетуге арналған арнайы топ та құрылды.

Табиғи апатпен күреске төрт әуе кемесі жұмылдырылды. Авиация алты орман және бір дала өртін ауыздықтауға қатысып, 60-тан астам рет су төккен. Нәтижесінде барлығы 128,2 тонна су пайдаланылған.

Орман алқаптарында орнатылған бейнебақылау камералары төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне, ТЖМ орталық аппаратына және республикалық жедел штабқа біріктірілген. Мұндай жүйе орманды тәулік бойы онлайн бақылап, қауіптің алғашқы белгілерін дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Шалғай елді мекендердің қауіпсіздігін арттыру үшін өңірде «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы да қолға алынған. Жоба аясында арнайы бекеттер ашылып, кейбір деполарды кәсіпкерлер мен меценаттар өз қаражатына салып жатыр. Ал әкімдіктер штаттық қызметкерлер бөліп, техниканың жұмысын қамтамасыз етеді.

– Биыл облыста 34 өрт сөндіру бекетін ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның жетеуі жұмысын бастады, қалғандары құрылыс кезеңінде. Жыл соңына дейін барлығын іске қосу көзделген. Бүгінде бағдарлама аясында бекеттерге 89 техника берілді. Оның 55-і өрт сөндіру көлігі болса, 34-і арнайы мақсатқа бейімделген техника, – деді ол.

Қайрат Шаймарденов қауіпті маусым аяқталғанымен, жылыту кезеңінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Оның айтуынша, төтенше жағдайлардың алдын алу тек тиісті қызметтердің дайындығына емес, әр тұрғынның жауапкершілігіне де байланысты. 

Айта кетелік, қазір жылыту маусымы басталды. Сондықтан тұрғын үйлердегі пештердің жарамдылығын тексеріп, электр сымдарының қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажет. Төтенше жағдай туындаған немесе жалын байқалған кезде 112 және 101 нөмірлеріне дереу хабарласу керек. Бұл байланыс желілері тәулік бойы жұмыс істейді.