Өмір сүру сапасы: Павлодар, Екібастұз «сары» аймаққа кірді
Зерттеу бірнеше факторлар бойынша жүргізілді: экономика және бизнес, адами ресурстарды дамыту, инфрақұрылым, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Finprom.kz сарапшыларының мәліметінше, Қазақстан қалаларында өмір сүру сапасы төмендеді. Мұндай тұжырым ҚР Экономикалық зерттеулер институтының мамандары жүргізген сауалнамалардың нәтижелері негізінде жасалды.
Қарқынды дамып келе жатқан Түркістан жайлылық рейтингінде ең жоғары баллға ие болды. Зерттеуге қатысушылар 5,2 ұпай берсе, Павлодар 4,7 балл жинады.
Тұрғын үй жағдайларының, жолдардың, қоғамдық қауіпсіздіктің, экологияның жай-күйін бағалау бойынша барлық қалалар үш топқа бөлінді.
– «Жасыл» аймаққа енген көшбасшы Петропавл, Түркістан, Ақтау, Степногорск және Тараз инфрақұрылымды дамыту деңгейі бойынша салыстырмалы түрде жоғары балл алды. Павлодар, Екібастұз, Қостанай, Семей, Өскемен, Орал, Шымкент, Атырау, Қызылорда, Риддер «сары» аймақта, – дейді сарапшылар.
Бес өңір ауа, су, қаладағы инфрақұрылымның сапасы мен тазалығы бойынша теріс бағамен «қызыл аймаққа» кірді. Алматы, Қарағанды, Жезқазған, Ақтөбе және Талдықорған аутсайдерлер қатарынан орын алды.