Екібастұзда деректерді өңдеу орталықтары қашан іске қосылады?
Есептеу кластерінің қуатын кезең-кезеңімен 1 ГВт-қа дейін ұлғайту жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұзда Павлодар облысында цифрлық экономиканың жаңа саласын дамытуға негіз болатын ауқымды «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасының құрылысы жалғасуда. Қуаты 50 МВт болатын алғашқы нысанды 2027 жылғы маусымда пайдалануға беру жоспарланған.
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, құрылыс алаңында 300-ден астам маман мен 60 арнайы техника жұмылдырылған.
– Қазір бригадалар есептеу инфрақұрылымының негізгі корпустары, энергия орталықтарында, әкімшілік-тұрмыстық кешен, бақылау-өткізу бекеттері және инженерлік қамтамасыз ету нысандарында жұмыс істеп жатыр. Аумақты тік жоспарлаудың негізгі бөлігі аяқталуға жақын. Бетон құю, металл конструкцияларын монтаждау, іргетас қалау, қоршау конструкцияларын орнату және инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде, – деп хабарлады министрліктің қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Айнұр Әлмұханова.
Алғашқы деректерді өңдеу орталықтары қашан іске қосылады?
Жобаның бірінші кезеңін іске асыру мерзімі өзгерген жоқ. Құрылыс аяқталғаннан кейін технологиялық және инженерлік жабдықтарды монтаждау, іске қосу-баптау жұмыстары мен кешенді сынақтар жүргізіледі. Жабдықтарды қаңтар-маусым айлары аралығында орнату жоспарланған.
Министрліктің мәліметінше, «КТ-ТЕЛЕКОМ» ЖШС бірінші кезеңді жүзеге асыруға қажетті қаржыландыруды тартып, инфрақұрылымды жобалау және салу бойынша келісімшарттар жасасқан. Кластерді одан әрі кеңейту үшін қосымша қаражат пен жаңа инвесторлар қажет болады. Компания қаржыландырудың бірнеше нұсқасын қарастырып жатыр. Олардың қатарында жобалық қаржыландыру, облигациялар шығару, халықаралық қаржы ұйымдары мен коммерциялық банктерден несие алу бар.
Нақты қаржыландыру құралдары экономикалық тиімділігіне, құнына және қаражат тарту мерзіміне қарай таңдалады.
Алғашқы нысанның қуаты 50 МВт болады. Дегенмен инфрақұрылым бастапқыдан-ақ болашақта кеңейту мүмкіндігі ескеріліп жобаланған. Кластер қуатын 1 ГВт-қа дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл мақсатқа жаңа резиденттер тартылып, есептеу қуаттарына сұраныс расталған сайын кезең-кезеңімен қол жеткізу жоспарланған.
Энергетикалық жүйеге түсетін жүктеме қандай болады?
Деректерді өңдеу орталықтары ақпаратты сақтау мен өңдеуге, бұлтты сервистерге және жасанды интеллект технологияларына арналған есептеу жабдықтарының жұмысын қамтамасыз етеді. Мұндай инфрақұрылым көп мөлшерде электр энергиясын қажет етеді және үздіксіз электрмен жабдықтауды талап етеді. Сондықтан жобаны дамытудағы негізгі мәселелердің бірі – энергетикалық жүйенің бастапқы кезеңде де, қуат артқан кезде де тұрақты электрмен жабдықтауға дайындығы.
Салалық ведомствода түсіндіргендей, деректерді өңдеу орталықтарының жұмысы үшін жеткілікті электр қуаты, сенімді электрмен жабдықтау, резервтік қуат көздері және инфрақұрылымды одан әрі кеңейту мүмкіндігі қажет.
– Алғашқы нысанның электрмен жабдықтау схемасы әзірленді. Электр энергиясы Екібастұз МАЭС-1 станциясынан беріледі. Осы мақсатта қуаты 215 МВт қосалқы станция сатып алынды. Кластерді одан әрі дамыту энергетикалық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен күшейтуді, соның ішінде қосымша трансформаторлық жабдық орнатуды және тарату желілерін дамытуды талап етеді. Сыртқы электрмен жабдықтау схемасы келісу сатысында. Энергетикалық инфрақұрылымды дамыту орталықтың нақты қуатының өсуімен қатар жүргізіледі, – деп хабарлады министрлікте.
Осылайша, есептеу кластерін кеңейту энергетикалық инфрақұрылымды да қатар дамытуды қажет етеді. Қосымша жабдықтар мен желілер жүктеме артқан сайын іске қосылады.
Өңір үшін тың сала
Павлодар облысы үшін бұл жоба электр энергиясын ірі көлемде тұтынатын жаңа нысанның пайда болуын және экономиканың тың бағытының дамуын білдіреді. Салық түсімдерінен бөлек, құрылыс, монтаждау, энергетика және инженерлік ұйымдарға қосымша жұмыс көлемін қамтамасыз етеді.
Нысандар іске қосылғаннан кейін басқа бағыттар бойынша да мамандар қажет болады.
– Жоба Екібастұздың электр энергиясын жоғары технологиялық қызметтер экспортына айналдырады. Өңір үшін бұл жергілікті энергия өндіруші компаниялардың электр қуатын ұзақ мерзім бойы тұтынатын ірі нысанның пайда болуын және облыс үшін жаңа цифрлық экономика саласының қалыптасуын білдіреді. Құрылыс кезеңінің өзінде жоба құрылыс, монтаждау, энергетика және инженерлік ұйымдар үшін айтарлықтай жұмыс көлемін қалыптастырады. Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін электрмен жабдықтау, үздіксіз қуат көздері жүйелері, салқындату, автоматтандыру және диспетчерлендіру, телекоммуникация, өрт қауіпсіздігі мен инженерлік жүйелерді пайдалану бағыттары бойынша білікті мамандар қажет болады, – делінген министрліктің жауабында.
Жабдықтарды салқындату қалай ұйымдастырылады?
Тағы бір маңызды мәселе – суды тұтыну және ірі есептеу кешендерінің қоршаған ортаға әсері. Серверлер мен басқа да жабдықтарды салқындату үшін арнайы жүйелер қолданылады. Деректерді өңдеу орталықтарының тұрақты жұмысы осы жүйелерге байланысты.
Министрліктің хабарлауынша, жабдықтардың жоғары тығыздықпен орналасатын бөліктері үшін арнайы дайындалған жылу тасымалдағышы бар тұйық сұйықтықпен салқындату жүйесі қарастырылған. Бұл суды тұрақты түрде алуды және салқындатқыш сұйықтықты сыртқа ағызуды қажет етпей, жылуды шығаруға мүмкіндік береді.
– Есептеу жабдықтарынан бөлінетін жылу жылу алмастырғыштар арқылы сыртқы контурға беріліп, құрғақ сыртқы салқындатқыштар көмегімен таратылады. Бөлінетін жылуды пайдалы мақсатта пайдалану мүмкіндігін жылу тасымалдағыштың температуралық параметрлері мен шешімнің техникалық-экономикалық тиімділігін ескере отырып, жеке қарастыруға болады, – деп хабарлады Айнұр Әлмұханова.
Алдағы жылдары қандай қуаттар іске қосылады?
Екібастұзда ірі есептеу кластерін құру мәселесі қазан айының басында ҚР Үкіметі отырысында талқыланды. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев 2027 жылы жалпы қуаты 186 МВт болатын деректерді өңдеу орталықтарын іске қосу жоспарланып отырғанын, ал 2028 жылдың екінші тоқсанында тағы 109 МВт қуат пайдалануға берілетінін мәлімдеді. Firebird AI компаниясымен жалпы сомасы 10 миллиард доллар болатын келісімдер пакетіне қол қойылған. Үкіметтің мәліметінше, жобаға 20-дан астам халықаралық технологиялық компания мен инвестор қызығушылық танытып отыр.
Есептеу инфрақұрылымын дамыту елдің цифрлық экономикасындағы ауқымды өзгерістердің бір бөлігі ретінде қарастырылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: цифрлық трансформация арқылы өзекті мәселелерді шешу және оны жүзеге асыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллектіні, цифрлық инфрақұрылымды және адами капиталды дамытуды негізгі басымдықтардың қатарына қосты.
Digital Qazaqstan 2029 жылға дейінгі стратегиясына сәйкес Үкімет цифрлық платформалар, телекоммуникациялар, жасанды интеллект инфрақұрылымы және кадр даярлау жүйесін дамытып жатыр. Екібастұздағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» осы жүйенің маңызды элементтерінің біріне айналып, Қазақстанның Орталық Еуразиядағы технологиялық орталық ретіндегі орнын нығайтуға ықпал етуі тиіс.