Павлодар облысында 50 мыңнан астам адамда бірнеше көлік тіркелген
Облыста жалпы көлік саны 200 мыңға жақын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ержан Тоқтарханов мәлім етті.
– Павлодар облысында 2023 жылдың басында 186 230 автокөлік құралы тіркелген, олар 136 353 автокөлік иесінің меншігінде. Яғни, бір адамға бірнеше көлік тіркелуі мүмкін, – дейді Ержан Тоқтарханов.
Департамент басшысының айтуынша, облыс бойынша көлік құралдарына салық түсімі 2 227 000 теңгені құрайды. Көлік салығының берешегін пысықтау бойынша, мемлекеттік кіріс органдары полиция департаментімен және төтенше жағдайлар департаментімен 454 бірлескен рейд жүргізді. Нәтижесінде 100 мың теңгеден астам берешегі бар 556 салық төлеуші бюджетке 95,2 миллион теңге төледі.
Еске сала кетейік, бүгінгі таңда павлодарлықтар соттан тыс банкроттыққа 2500-ге жуық өтініш берді және оның 100-і оң қаралды. Есептен шығарылған қарыздар сомасы 220 миллион теңгеден асты. 100-ге жуық тұрғын өтініштерді қайтарып алды, 1899 өтініштен шарттарға сәйкес келмеуіне байланысты бас тартылды, 400-ден астамы қаржылық мониторингтен өтуде.