МӘМС Павлодардағы стоматологиялармен жеке келісімшарт жасайды
Сондай-ақ МӘМС жүкті әйелдердің дәрігерге қаралуына жеке қаржы бөлді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы ӨКҚ-де өткен баспасөз жиынында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҚАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Қасымов мәлім етті.
– Биыл сақтандыру жүйесінде өзгерістер орын алды. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметттік медициналық сақтандыру қоры стоматологиялық қызметтерді көрсету үшін стоматологиялық клиникалармен тікелей келісімшарттар жасай бастады, – деді Нұрлан Қасымов.
Спикердің айтуынша, өткен жылы емханалар мен стоматологиялардың арасында көп кикілжің орын алған. Сондықтан министрлік қор стоматологиялармен тікелей келісімшарт жасау керек деп шешкен.
Қазіргі уақытта Павлодар облысында МӘМС арқылы жұмыс жасайтын 35 стоматология бар.
Сондай-ақ өзгерістердің бірі – ауыл тұрғындары үшін скринингтік тексерулердің тізімін кеңейтілді.
– Енді ауылдың 18-70 жасқа дейінгі тұрғындары жыл сайын тексеруден өте алады. Яғни, сараптамалар, ультра дыбыстық зерттеу қызметтері, уролог, тағы басқа тексерулерден өте алады. Бұл ауруларды ерте кезеңде анықтауға, ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Нұрлан Қасымов.
Оған қоса, қор жүкті әйелдерді тексеруге жеке лот арқылы қаржы бөледі. Бұл жаңа туған сәбилерде патологияны анықтауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, биыл Павлодар облысының тұрғындары МӘМС-ке 5,1 млрд теңге жарна төлеген.
Фото: ашық дереккөздерден