Меншік құқығының шекарасы кеңеймек: Азат Перуашев Ата заңға ұсыныс енгізді

Меншік құқығының шекарасы кеңеймек: Азат Перуашев Ата заңға ұсыныс енгізді
Фото: gov.kz

«Ақ жол» партиясының жетекшісі Конституцияда меншіктің тек мемлекеттік және жеке түрлерімен шектелмей, оның заманауи нысандарын заңмен бекітуді ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның оныншы отырысында Қазақстанның жаңа Ата заңында меншік нысандарын барынша нақтылап бекітуді ұсынды. Депутаттың пайымдауынша, меншік институтының мәртебесі елдің инвестициялық тартымдылығы мен экономикадағы бизнес-ахуалды жақсартуда шешуші рөл атқарады.

Қолданыстағы Конституцияда меншіктің тек екі түрі – мемлекеттік және жеке меншік қана қарастырылған. Алайда Азат Перуашев қазіргі экономикалық үрдістер меншіктің кем дегенде 5-6 түріне сұраныс тудырып отырғанын алға тартты. Ол халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Финляндия, Литва, Латвия секілді елдерде муниципалдық меншік, ал Қытай мен Бразилияда ұжымдық немесе кооперативтік меншік нысандарының заңмен шегенделгенін мысалға келтірді.

Депутат нарықтық қатынастардың бүгінгі дамуы муниципалдық меншікті, кондоминиумдар мен ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің мүлкін жеке дара анықтау қажеттілігін туғызып отырғанын айтты. Ол Мемлекет басшысының кооперативтерді дамыту туралы тапсырмасын еске сала отырып, пайшылар мен латифундистер арасындағы көпжылдық даулар заңнамадағы осы олқылықтардың салдары екенін атап өтті.

Бұдан бөлек, Азат Перуашев индустрия мен креативті экономиканың қарқынды өсуін ескере отырып, болашақта цифрлық меншіктің де жаңа нысандарын анықтау қажеттілігі туындауы мүмкін екенін жеткізді. Оның пікірінше, меншік мәселесіндегі негізгі қағидат – нарықтық бәсекелестік пен монополияға қарсы іс-қимыл өлшемшарттарына негізделген таңдау мүмкіндігі болуы тиіс.

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясының жетекшісі Ата заңның 8-бабы 1-тармағын: «Қазақстан Республикасында меншіктің барлық нысандары танылады, кепілдендіріледі және тең дәрежеде қорғалады», – деген редакцияда жазуды ұсынды. Депутат бұл өзгеріс тек екі нысанмен шектелмей, бизнестің, қоғамның және мемлекеттің барлық ресурстарын экономикалық айналымға кеңінен тартуға жол ашатынына сенімді.