Чек-лист: Павлодарлықтар құрылыс қоқысын қалай шығара алады?
Жөндеуден кейін қалған құрылыс қалдықтарын немесе ескі жиһазды қайда апару керек? Павлодарда қоқыс шығарудың бірнеше жолы бар. Олардың әрқайсысының өз бағасы мен тәртібі бар. Қалдықтарды заңды түрде шығару үшін не істеу керегін @Pavlodarnews.kz тілшісі анықтады.
1. Қоқыстың түрін анықтаңыз
Алдымен қандай қалдықтарды шығару керегін анықтап алыңыз. Бұл жөндеуден кейін қалған құрылыс қоқысы, бетон мен кірпіш сынықтары немесе көлемді заттар болуы мүмкін. Тіпті, ескі диван болуы да ықтимал.
2. Қоқысты шығаруға дайындаңыз
Құрылыс қалдықтарын жинап, қаптарға салыңыз. Тұрмыстық қалдықты осылайша көлікке тиеу ыңғайлы болады.
3. Қоқысты кім тиейтінін шешіңіз
Қалдықтарды көлікке өзіңіз тиеуге немесе арнайы компанияның жұмысшыларын жалдауға болады.
4. Қызмет көрсетушіні таңдап, өтінім қалдырыңыз
→ Компанияға жүгіну
Павлодарда қоқыс шығарумен ресми түрде «Спецмашин» компаниясы айналысады. Қызметке тапсырыс беру үшін 61-30-40 нөміріне қоңырау шалу жеткілікті.
Компания екі тариф ұсынады:
- 39 950 теңге – бес текше метрлік шағын тиегіш, самосвал және екі жұмысшы қызметі;
- 20 300 теңге – қоқысты көлікке өзіңіз тиеген жағдайда.
Компания өкілдері жүкшілердің көмегіне жүгінуге кеңес береді. Себебі қоқысты өз бетіңізше тиеу көп уақыт алуы мүмкін.
Өтінім қалдыру үшін байланыс нөмірі мен қажетті мәліметтерді беру керек. Одан кейін компания төлем шотын ұсынады. Келісілген уақытта маман келіп, қалдықтардың көлемі мен тығыздығын бағалайды.
Егер қоқыс тығыздығы жоғары санатқа жатса, мысалы, бетон немесе кірпіш сынықтары болса, қызмет құны 53 950 теңгені құрайды. Ал тығыздығы жоғары санатқа жатпайтын қалдықтарды шығару 20 400 теңге тұрады.
Айта кетейік, ескі жиһаз, мысалы, үйдегі ескі диван да ірі көлемді қалдықтарға жатады. Оны шығару үшін де осы тарифтер қолданылады.
→ Қоқысты полигонға өзіңіз апару
Тағы бір нұсқа – құрылыс қалдықтарын полигонға өз көлігіңізбен жеткізу. Бір тонна құрылыс қоқысын қабылдау құны – 11 600 теңге.
Ал ескі диван сияқты ірі көлемді қалдықтар қатты тұрмыстық қалдықтарға (ҚТҚ) теңестіріледі. Оларды қабылдау тарифі – тоннасына 5 300 теңге. Қалдықтардың салмағы полигон кіреберісінде анықталады.
→ Хабарландыру арқылы қызмет көрсетушіні табу
Қоқыс шығаратын жеке орындаушылардың қызметін де пайдалануға болады. Мұндай хабарландырулар, соның ішінде OLX платформасында жарияланады.
Алайда орындаушыны таңдағанда абай болған жөн. Қалдықтардың полигонға емес, рұқсат етілмеген жерге төгілу қаупі бар. Биыл өңірде осындай 100-ге жуық заңсыз қоқыс орны жойылды.
5. Қоқысты кез келген жерге тастамаңыз
Өткен жылы Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізіліп, ірі көлемді қалдықтарды арнайы белгіленбеген орындарға заңсыз шығарғаны және орналастырғаны үшін жауапкершілік күшейтілді.
Жеке тұлғаларға шамамен 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл 200 АЕК-ке дейін жетеді. Сонымен қатар қайталанған жағдайда құқық бұзушылық жасауға пайдаланылған мүлік тәркіленуі мүмкін.