Қазақстанда кәсіби қабылдаушы отбасы институты енгізілуде

Қазақстанда кәсіби қабылдаушы отбасы институты енгізілуде
Фото: pexels.com / pixabay

Бұл — ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға уақытша қауіпсіз әрі жайлы үй ұсынатын маңызды бастама, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысының білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіби қабылдаушы отбасылар бір уақытта төрт балаға дейін тәрбиелеуге құқылы. Үміткерлер міндетті түрде арнайы оқытудан өтіп, аккредиттелген ұйымдарда даярланады. Балаларды отбасына орналастыру туралы шешімді қамқоршылық және қорғаншылық органдары қабылдайды.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова бұл бастаманың негізгі артықшылығы – балалардың интернаттарға емес, бірден отбасына орналастырылуы екенін атап өтті. Бұл олардың психологиялық күйзелісін азайтып, жаңа ортаға бейімделуін жеңілдетеді.

Кәсіби қабылдаушы тәрбиешілерге балаларға жұмсалатын шығындарды жабуға арналған жәрдемақы және тәрбиешілік еңбегі үшін жалақы төленеді.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда балаларды отбасына орналастырудың төрт түрі бар: асырап алу, қамқоршылық, патронат және қабылдаушы отбасы. Жаңа формат – бесінші бағыт ретінде енгізілуде.