Облыс әкімі Павлодардағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барды
Орталықта зейнеткерлерге медициналық, психологиялық және заңгерлік кеңестер беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, кезінде қала әкімдігі зейнеткерлердің бос уақытын өткізетін және денсаулығын сақтауға қолдау көрсететін кәсіби орталық құру туралы бастама көтерген болатын.
Асайын Байханов қала әкімі қызметінде болғанда мекемеге жөндеу жұмыстарын жүргізуді және аға буынға ыңғайлы, әрі жайлы болуды қамтамасыз етуді тапсырған.
Бүгін өңір басшысына зейнеткерлерге медициналық, психологиялық және заңгерлік кеңестер берілетін толық күшінде жұмыс істеп тұрған орталықты көрсетті. Қызығушылықтары бойынша 18 топта IT және smart-сауаттылық, шет тілдері, шығармашылық бағыттар және т. б. бойынша білім алуға болады.
- Қарым-қатынаста болу - бұл әлеуметтік белсенділікті сақтаудың басты шарттарының бірі. Аға буын үшін әлеуметтену және сауықтыру өте маңызды. Біздің тұрғындарымыз қартайған шақтарында да уақыттарын көңілді өткізіп, спортпен шұғылданып, достық қарым-қатынаста бір-бірімен сөйлесе алатындай көмек көрсетілуі керек - бұл өмірді ұзартады, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Фото: Валерий Бугаев